Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО тұрғындары “көлік сатушыларға” алданып қалды

СҚО тұрғындары “көлік сатушыларға” алданып қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қаскөйлер интернет кеңістігінде ұсталған көліктерді сату туралы жалған хабарландырулар жариялайды. Әдетте ол 1990 жылдары шыққан шетелдік автокөліктер. Әрі тек WhatsApp арқылы хабарласуды сұрайды. Әңгіме барысында ауданда байланыстың нашар екенін және соның салдарынан бейнеқоңырауға жауап бере алмайтынын себеп қылады. Бұдан бөлек, арзанырақ баға ұсынады, кішкентай баласының науқас екенін алға тартып, ақшаға өте мұқтаж екенін айтады. Сенімге кіріп алдын ала төлем алғаннан кейін байланысқа шығуды тоқтатады. Ал жәбірленушілер Шал ақын ауданының орталығына келіп, уәде етілген көлікті іздейді. Бірақ аталған мекенжайда мүлдем көлігі жоқ адамдар тұратынын байқайды.

– 2021 жылы бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жариялағаннан кейін мұндай жағдайлар тоқтады. Енді биыл айлакерлер баяғы әдетіне қайта басты. Соның салдарынан 2 факті тіркелді. Егер сатушының адалдығына толық сенімділік болмаса, адамдардан алдын ала төлем жасауға келіспеуін сұраймыз. Бейнеқоңырау арқылы сөйлесуді талап еткен жөн. Алаяқтар әдетте бет-әлпетін жасырып, сөйлесуге келіспейді, – дейді СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев.

Солтүстікқазақстандық полицейлер қолданатын интернет-алаяқтықпен күрес әдістерінің бірі – алаяқтық белгілері бар хабарландыруларды анықтау үшін веб-кеңістікке мониторинг жүргізу. Өткен жылы қылмыскерлер СҚО тұрғындарының сеніміне кіріп, танымал хабарландыру сайттары мен әлеуметтік желілерде адамдарды 343 рет сан соқтырған. Олар негізінен OLХ.kz сайтында айлаларын іске асырған. Мұндай 183 факті тіркелді. Ал Instagram қолданушыларын алаяқтар 83 рет алдаған.

Веб-ресурстарының халық арасында танымал болып, жұмысының дұрыс болуын қадағалап отыратын әкімшілер ынтымақтастыққа дайын. Өткен жылы kolesa.kz, krysha.kz, OlХ.kz хабарландыру сайттарында, Instagram желісінде 1430 хабарландыру тексерілді, оның 267-сі жалған деп бұғатталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру