Су тасқыны: Ақтөбе облысында үш ауылдан 876 адам эвакуацияланды
Су тасқыны: Ақтөбе облысында үш ауылдан 876 адам эвакуацияланды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ырғыз ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері су ортасында қалған елді мекендерде тәулік бойы жұмыс жасап жатыр. Ырғыз, Торғай өзендерінің су деңгейінің көтерілуіне байланысты 8 сәуірде Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимі жарияланған болатын. Осыған байланысты Нұра, Мамыр және Белшер ауылдарының тұрғындары дер кезінде қауіпсіз жерге көшіріліп, үш ауылдан 876 адам эвакуацияланды.
Бүгінде арнасынан асып тасыған өзендердің қорғаныс бөгеттерді бұзып өтуі салдарынан Нұра, Мамыр ауылдарын су басты. Қауіп басталғаннан бері Ырғыз ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері су тасқынына қарсы жұмыстарға жұмылдырылып, қорғаныс бөгеттерін салу, ауыл тұрғындарын және олардың мал-мүлкін эвакуациялау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларына күндіз-түні қатысып жатыр.
Полицейлер, төтенше жағдайлар қызметкерлері, әскери қызметшілермен және жергілікті атқарушы органдармен бірге Құйлыс, Жайсаңбай және Белшер ауылдарында бөгеттерді нығайту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Су кірген Нұра, Мамыр ауылдарында қалып, тұрғындар мүлкінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді жүргізуде және бүгін Құйлыс пен Жайсаңбай ауылдарын тұрғындарын эвакуациялауға әзірленуде. Аймақты су басуына байланысты бүгінгі күні бұл ауылдармен қатынас тек вертолет арқылы жүзеге асырылып жатыр.