Табиғатты қорғау полициясы заңсыз елік атқандарды ұстады
Алматы облысының табиғат қорғау полициясы заңсыз аң аулаған браконьерді құрықтап, оның елік атқанын әшкереледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы облысының аумағанда жүргізіліп жатқан «Браконьер» жедел алдын алу іс-шарасы барысында тәртіп сақшылары өзге де табиғат қорғау органдарымен бірлесе отырып, Сарқан ауданының аумағында 38 жастағы жергілікті тұрғынды ұстаған.
Тексеру барысында оның заңсыз аң аулағаны анықталды.
– Арнайы рейд кезінде «Сарқан» аңшылық шаруашылығы аумағында «Нива» маркалы көлік тоқтатылып, көліктен жаңа атылған еліктің денесі табылды. Сондай-ақ, заңсыз аңшылықты кәсіп еткен браконьерлерден екі аңшы мылтығы тәркіленді. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 337-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, – деп хабарлады Алматы облысы ПД Табиғат қорғау полициясының инспекторы Бағлан Рымжанов.
Полицейлер таратқан ақпаратқа сәйкес, браконьерлер мінген көлік тергеу аяқталғанға дейін арнайы тұраққа тоғытылған. Табиғи байлықты қорғауға және жануарлар мен өсімдіктер дүниесіне қол сұғушылықтың алдын алуға бағытталған «Браконьер» іс-шарасы облыс аумағында 16-30 қыркүйек аралығында жалғастырылуда.