Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Талдықорған кадеттері үшін ҚР ІІМ Алматы академиясына экскурсия ұйымдастырылды

Талдықорған кадеттері үшін ҚР ІІМ Алматы академиясына экскурсия ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жетісу полицейлері Ардагерлер кеңесі мен облыстың білім басқармасымен бірлесіп Талдықорған қаласының жалпы білім беретін мектептерінің кадет сыныптарының оқушыларына ҚР ІІМ-нің М. Есболатов атындағы Алматы Академиясына экскурсия ұйымдастырды.

– Біз сендердің кішкентай кездерінен бастап погон тағу шешімін қабылдап, өз таңдауларынды жасағандарына шексіз мақтанамыз. Сіздерден нағыз офицерді тәрбиелеп отырған сынып жетекшілеріне жеке алғысымды білдіргім келіп отыр. Болашақта сіздердің әрқайсыларыңыз құқық қорғау құрылымдарының жоғары оқу орындарында оқуды жалғастырып, еліміздің құқықтық тәртіп сақшыларының қатарын толықтырады деп шын жүректен үміттенемін, – деп Жетісу облысы полиция департаментінің бастығы Сарқытбай Құсаинов жылы тілектерін білдіріп сынып жетекшілеріне алғыс хаттарын табыстап, кадеттерді жолға шығарып салды.

Академия қызметкерлері кадеттерге арналған мазмұнды бағдарлама дайындады. Жас полицейлер ҚР ІІМ-нің ең көне және жетекші мамандандырылған жоғары оқу орындарының бірі болып табылатын академияның тарихымен және қазіргі заманғы дамуымен танысып өтті.

Экскурсия жалпы Академия аумағымен танысудан басталды, арнайы тактикалық дайындық кафедрасының қызметкерлері кадеттерге заманауи қару түрлерінің үлгілерін және атыс тирін көрсетіп өтті. Академияда дене шынықтыруға көп көңіл бөлінеді, балалар спорт залға барып, жауынгерлік самбодан мастер-класстың көрсетіліміне куә болды.

Бұдан бөлек, балалар үшін мұражайға экскурсия ұйымдастырылды, олар қазақстандық полицияның қалыптасу тарихымен танысуға мүмкіндік алып, бейнефильм арқылы академия курсанттарының көп қырлы өмірі, оқуы мен бос уақыты туралы білімдерін алды. Оқу полигонында кадеттерге криминалистер жұмысының ерекшелігі, қылмыстарды ашуда қолданылатын заманауи әдістер көрсетілді.

Кадеттер өзінің казармалық тәртібі бар жатақхананы өз көздерімен көруге асықты. Балалар әкімшілік-оқу корпусына ерекше назар аударды, олар аудиторияларда, жетекші факультеттер мен кафедраларда да болды.

Академия қонақтары киберқылмысқа қарсы іс-қимыл орталығына үлкен қызығушылық танытты, олар курсанттармен әңгімелесіп, құқық қорғау органдары құрылымындағы ақпараттық технологиялар туралы өз білімдерін жетілдірді. Кадеттерге барлық ақпаратты оқытушылар емес, Академияның 1 курс курсанты – үлгілі студенттердің бірі Талдықорған қаласының тумасы Сұлтан Сапар баяндап өтті.

– Кадеттерге Академияда өткізілген бұл күн ұмытылмас әсер мен сөзбен айтып жеткізе алмайтын эмоциялар қалдырды. Балалар тұру және оқу шарттарымен өз көздерімен танысты. Іс-шараның шарықтау шегі олардың келуіне орай ұйымдастырылған “курсанттық түскі ас” болды. Олардың ынталы жүздері мен жанып тұрған көздері Академияға барған 40 кадеттің көбі ендігі жолы қонақ емес курсант ретінде қайта оралатындарына сенім ұялатады. Болашақта олардың әрқайсысы өз елінің нағыз азаматы, патриоты болатынына сенімдімін. Біз ҚР ІІМ-нің жүйесінде кәсіби мамандардың жаңа алаңын дайындау үшін барлық мүмкіндіктерді кеңейтуді және қолда бар ақпараттық, құқықтық және ұйымдастырушылық ресурстарды пайдалануды жоспарлап отырмыз, – деп атап өтті облыс ПД бастығының орынбасары Мадияр Омаров.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру