Талдықорғанда балалар қауіпсіздігі мәселелері талқыланды
Талдықорған қаласындағы Оқушылар сарайында полиция, прокуратура, білім басқармасы және әкімдік өкілдерінің қатысуымен жалпы қалалық ата-аналар жиналысы өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Кездесуде жазғы демалыс кезеңіндегі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мектеп бітіруші түлектерге аттестат тапсыру рәсімдерін ұйымдастыру, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта жүру тәртібін сақтау, сондай-ақ алкогольдік өнімдерді, темекі бұйымдарын және өзге де тыйым салынған заттарды пайдаланудың алдын алу мәселелері кеңінен талқыланды.

Жетісу облысы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері ата-аналарға кәмелетке толмағандар тарапынан жасалатын құқық бұзушылықтар мен қылмыстар үшін көзделген әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік туралы жан-жақты түсіндірме берді. Сонымен қатар, бала тәрбиесіндегі отбасының шешуші рөліне тоқталып, жасөспірімдердің мінез-құлқындағы алаңдатарлық өзгерістерге дер кезінде назар аударудың маңыздылығын атап өтті.

Полицейлер балаларға деген шектен тыс жанашырлық пен оларды кез келген жауапкершіліктен қорғауға ұмтылу кей жағдайда ауыр салдарға алып келуі мүмкін екенін ескертті. Мысал ретінде ата-аналардың кәмелетке толмағандарға немесе жүргізуші куәлігі жоқ тұлғаларға көлік басқаруға рұқсат беру деректері келтірілді. Мұндай әрекеттер тек өз балаларының ғана емес, айналасындағы адамдардың өмірі мен қауіпсіздігіне де елеулі қауіп төндіреді.
Жиын барысында өскелең ұрпақ үшін қауіпсіз орта қалыптастыру, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру және ойланбай жасалатын әрекеттердің алдын алу отбасы, білім беру ұйымдары мен мемлекеттік органдардың өзара тығыз ынтымақтастығы арқылы ғана жүзеге асатыны ерекше атап өтілді.
Кездесуге қатысушылар балалардың қауіпсіздігі мен жарқын болашағы үшін қоғамның әр мүшесі жауапты екенін айтып, бұл бағыттағы бірлескен жұмысты одан әрі күшейтудің маңыздылығына тоқталды.
