Талдықорғанда полицейлер жағажайларда профилактикалық рейд ұйымдастырды
Талдықорғанда полицейлер жағажайларда профилактикалық рейд ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаз мезгілі – қала тұрғындары мен өңір қонақтары демалыс орындарына көптеп баратын кезең. Осыған орай Талдықорған қаласының қалалық жағажайында облыстық ведомствоаралық мобильді топтың қатысуымен профилактикалық рейд ұйымдастырылды.
Іс-шара республикалық "Таза Қазақстан" экологиялық бағдарламасы аясында өтті. Рейдке полиция, прокуратура, экология, төтенше жағдайлар, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау, көліктік бақылау органдарының қызметкерлері, сондай-ақ салалық басқармалар мен жастар және еріктілер ұйымдарының өкілдері қатысты.
Іс-шараның негізгі мақсаты – азаматтарды жауапкершілікке тарту емес, профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізу болды. Демалушыларға судағы қауіпсіздік қағидалары, қоғамдық тәртіпті сақтау және қоршаған ортаға ұқыпты қараудың маңыздылығы түсіндірілді. Мамандар демалыс орындарының тазалығы әрбір азаматтың жауапкершілігіне байланысты екенін, ал қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтау баршаға жайлы әрі қауіпсіз демалысқа мүмкіндік беретінін атап өтті.
Сонымен қатар рейд барысында заң талаптарын бұзу деректері де анықталды. Полиция қызметкерлері құқық бұзушыларға қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік шаралар қабылдады.
Осындай профилактикалық рейдтер жазғы маусым бойы жалғасады. Олардың негізгі мақсаты – құқық бұзушылықтардың алдын алу, қауіпсіз демалыс мәдениетін қалыптастыру, табиғатқа жанашырлықпен қарауды және қоғамдық орындарда тәртіп сақтауды насихаттау.
