Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Талдықорғанда құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша рейд өтті

Талдықорған қаласында Жетісу облысы полициясының қызметкерлері қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында түнгі профилактикалық іс-шара өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жұмыс күшейтілген режимде ұйымдастырылып, патрульдік нарядтар, учаскелік инспекторлар және өзге де қызмет өкілдері бір мезетте тұрғын алаптарды, аулалар мен қоғамдық орындарды толық қамтыды.

Іс-шара барысында бір түннің өзінде 36 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Атап айтқанда қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік ішу және мас күйінде болудың 5 дерегі, азаматтарға тиісудің 2 жағдайы, кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінсіз түнгі уақытта жүруінің 7 фактісі тіркелді. Сонымен қатар, тыныштықты бұзудың 6 және жаяу жүргіншілердің жол қозғалысы ережелерін бұзудың 6 дерегі белгілі болды.

Жол қауіпсіздігіне де ерекше назар аударылды. Патрульдік полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін бұзудың 108 дерегін анықтады. Оның ішінде жол белгілері мен таңбалары талаптарын сақтамаудың 16, сыртқы жарық құралдары мен дыбыстық сигналдарды пайдалану қағидаларын бұзудың 10, техникалық регламент талаптарына сәйкес келмейтін көлік құралдарын басқарудың 17, мемлекеттік тіркеу нөмірлері оқылмайтын немесе дұрыс орнатылмаған көлікті басқарудың 3 және өзге де құқық бұзушылықтардың 62 дерегі тіркелді.

Сонымен қатар полиция қызметкерлері мекенжайлық тексеру жұмыстарын жүргізіп, ішкі істер органдарының есебінде тұрған 47 тұлғаны тексерді. Мұндай шаралар ықтимал тәуекелдерді дер кезінде анықтауға және құқықбұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтар да назардан тыс қалмады. Тұрақты мекенжайы жоқ және қиын өмірлік жағдайға тап болған 9 адам уақытша бейімдеу орталығына жеткізілді.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, мұндай іс-шаралар тек құқықбұзушылықтарды анықтаумен шектелмейді. Олар профилактикалық бағытта жүргізіліп, халықпен тікелей байланыс орнатуға және құқықбұзушылықтардың алдын алуға ықпал етеді.

- Біздің міндет — тек құқық бұзушылықтарға әрекет ету ғана емес, олардың алдын алу. Әрбір тексеру мен әрбір патруль — тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосылған үлес. Қаладағы тәртіп — полиция мен қоғам арасындағы сенімнен басталады, — деп атап өтті полицияның баспасөз қызметі.

Аталған бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын табады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру