Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Талмасы ұстап қалған 2 жасар баланың өмірін сақтап қалған полицей марапатталды

Түркістан облысында талмасы ұстап қалған 2 жасар баланың өмірін сақтап қалған полицей Ерік марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Талмасы ұстап қалған 2 жасар баланың өмірін сақтап қалған полицей Ерік Ақмолдаев – Түркістан қалалық полиция басқармасының патрульдік полиция батальонының қызмет инспекторы. Аталмыш ерлігімен көзге түскен полицейді Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов қабылдады. Міндетін адал атқарып, кішкентай баланың өміріне араша болған полицейге “Қазақстан Полициясына 30 жыл” төсбелгісін тағып, алғыс хатпен марапаттады.

– Бала – біздің болашағымыз. Осы орайда біздің әрқайсымыз олардың тыныш өмірі мен тәтті күлкісі үшін бәрін беруге дайынбыз. Ал бүгінгінің батыры Ерік адам өмірі бәрінен де маңызды екенін іс-әрекетімен дәлелдеді. Жедел шешім қабылдап, өзгелерге үлгі бола білді. Біз сенімен мақтанамыз! Әрқашан осылай халықтан алғыс алып, абыройың асқақтай берсін, – деп алғысын білдірді М.Қабденов.

Естеріңізге сала кетсек, бұл жайт Түркістан қаласында болды. С.Ерубаев көшесінде күнделікті өзіне жүктелген жұмысын атқарып тұрған полицейдің жанына белгісіз әйел келіп, ұлының аяқасты ауырып, талып қалғанын айтып, көмектесуін сұрайды. Мұны естіген полицей шұғыл әрекет етіп, баланы аман алып қалды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру