Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Таразда “Парасатты полицей” республикалық байқауы өтті

3 қыркүйек күні Бауыржан Момышұлы атындағы Жеңіс саябағында полиция қызметкерлері арасында ұйымдастырылған “Парасатты полицей” республикалық байқауының салтанатты ашылу рәсімі өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Байқауға қатысушылар Халық қаһарманы Ғазиз Байтасов пен Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойып, соғыс және тыл ардагерлеріне арналған даңқ залына барды.

Байқаудың ашылуына Жамбыл облысы ПД бастығы Арманбек Баймурзин, ҚР ІІМ идеологиялық және имидждік жұмыс департаментінің бастығы Альбина Махамбетова қатысты. Дәстүрлі жеребеден кейін қонақтар полиция департаменті қызметкерлерімен дайындалған концерттi тамашалады.

Келесi күнi Баласағұн орталық концерт залында байқау қатысушылары “Парасатты полицей” байқауының екі кезеңi бойынша бақ сынады. Сайыс басталар алдында іс-шараның құрметті қонағы Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасовтың жұбайы Гүлжамал Тәжиева құттықтау сөз сөйледі. Ол барлық қатысушыларға сәттілік пен байқаудан жағымды әсер алуды тіледі.

Әр команда әр түрлі ұлт өкілдерінен құралды. Олар өздерінің мемлекеттік тiлдi жетiк меңгергендерiн көрсетiп, заңдар мен кәсіби терминдердің қолданылуы бойынша бiлiмдерiн танытып, сондай-ақ шығармашылық тапсырмаларды мүдiрместен орындады.

Байқау қорытындысы бойынша Қостанай облысы полиция департаментінің ” Қостанай сақшылары” командасы жүзден жүйрік шығып, жеңімпаз атанды. Бірінші орын Ақмола облысы полиция департаментінің “Көкше сақшылары” командасына бұйырды. Ал екінші орынды Алматы қаласы ПД “Ұлы дала сақшылары” және Шымкент қаласы ПД ” Мегаполис” командалары өзара бөлістi. Астана қаласы ПД “Елорда қырандары”, Батыс Қазақстан облысы ПД “07 аймақ” және Жетісу облысы ПД “Қыран құс” командалары жүлделі үшінші орын тұғырынан көрiндi.

Сондай-ақ, байқаудың қазылар алқасы ерекше өнер көрсеткен қатысушыларды бірнеше номинация бойынша марапаттады. “Көркем сөз шебері” номинациясын Ұлы ақынның жерлестері Абай облысының “Алаш ұрпақтары” командасы, ал “Көрермен көзайымы” номинациясын Маңғыстау облысының “Айбынды Ақтау” командасы алды.

“Үздік сахналық көрініс” номинациясын Атырау облысы ПД-нiң “Қыран” командасына, Солтүстік Қазақстан облысы ПД-нiң “15-ші аймақ” командасына “Өнерлi команда” номинациясын, ал “Ұйымшыл команда” номинациясын Түркістан облысының “Тұран қалқандары” командасына табыс етті. Оған қоса, мемлекеттік тiлде мүдiрмей сөйлеп, жетiк меңгергенiн көрсете бiлген “Тілi басқа, тілегі бiр” номинациясымен Ақтөбе облысы полиция департаментінің қызметкерi Фоленвейдер Владимир Юрьевич марапатталды.

Қазылар алқасының төрағасы – “Қазақстан КВН одағы” республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің президенті Есен Елеукен байқаудың ұйымдастырылуына, командаларды даярлауға жоғары баға беріп, бүгінде полицейлер қылмыстарды ашып қана қоймай, дарынды және шығармашылық тұлғалар екенін дәлелдегенін атап өтті.

Салтанатты рәсімде Жамбыл облысы ПД бастығы Арманбек Баймурзин командаларға қатысқаны үшін алғыс айтып, байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін құттықтап, грамоталар, дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етті. Іс-шара қазақстандық эстрада жұлдыздары Мөлдір Әуелбекова, Гүлнұр Оразымбетова, Айна Қалмағамбетова және Нұржан Бейсенов қатысқан мерекелік концертпен аяқталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру