Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Таразда Ұлттық ұлан жауынгерлері тұрғындарды өрттен құтқарды

Таразда Ұлттық ұлан жауынгерлері тұрғындарды өрттен құтқарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қала көшелерінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қызметке шыққан Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы 5513 әскери бөлімінің жауынгерлері тұрғын үйлердің бірінен шыққан өртті байқаған.

Оқиға 23 наурызда түнгі уақытта болған. Өрт бесінші қабаттағы пәтерлердің бірінде шыққан. Жалынды байқаған патрулдік топ бастығы сержант Мырзахан Мырзаш қасындағы патрульдер Михаил Николаев пен Бейбарыс Сейдмұратовты ертіп, дереу сол көпқабатты үйге жүгірген. Жол-жөнекей өрт сөндіру қызметіне және әскери жасақ кезекшісіне хабар берген.

Жауынгерлер өрт сөндірушілерді күтпестен тұрғындарға көмектесуге шешім қабылдаған. Алдымен тұрғын үйді қоршауға алып, кейін пәтердегі азаматтарды сыртқа шығарып, өз күштерімен отты сөндірген.

– Біз бұл әрекетімізді ерлік деп санамаймыз. Өзіміздің қызметтік борышымыз деп білеміз. Төтенше жағдайдың алдын алып, азаматтарға көмек көрсету – құқық қорғау әскері жауынгерлерінің міндеті, – дейді сержант Мырзахан Мырзаш.

Үй тұрғындары 5513 бөлімінің қолбасшылығына және әскери жасаққа алғыстарын білдірді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру