Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Таразда жол ережесін өрескел бұзған жүргізушіге бірден 12 хаттама толтырылды

Таразда жол ережесін өрескел бұзған жүргізушіге бірден 12 хаттама толтырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Тараз қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальоны қызметкерлерімен әкімшілік аумақты патрульдеу барысында қала көшелерінің бірінде Тoyota автокөлігінің алдыңғы жарық құралдарының жанбағандығы байқалды. Жүргізуші полиция қызметкерлерінің талаптарына мән бермей, жылдамдықты асырып, қашып кеткен.

Аталған автокөлікті бағыттамаға беріп, бірнеше қызметтік автокөлікпен тоқтату үшін арнайы жұмыстар жүргізілді. Полиция қызметкерлерінен қашқан жүргізуші жол қозғалысы ережелерін бұзып, жол қиылыстарының бірінде басқа автокөлікпен соқтығысқан. Алайда осыған қарамастан тоқтамай, қашу әрекетін жалғастырған.

– Автокөлік жүргізушісі қаланың шалғай аудандарының бірінде автокөлігін тастап, қашпақшы болған кезінде ұсталды. Ұсталған 40 жастағы қала тұрғынына жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғаны үшін бірден 12 хаттама толтырылды. Басты мақсат жол көлік оқиғасының алдын алу, адам өмірінің қауірсіздігін сақтау болды, – дейді Тараз қаласы ПБ патрульдік полиция батальны инспекторы Асет Сарсенбаев.

Құқық бұзушы ҚР ӘҚБтК-нің 606-бабы 1-тармағымен (Жол жүрiсiне қатысушының жол жүрiсi қағидаларын авариялық жағдай туғызуға әкеп соққан бұзушылығы), ҚР ӘҚБтК-нің 595-бабы 1-тармағымен (Маневр жасау қағидаларын бұзу), ҚР ӘҚБтК-нің 601-бабы 1-тармағымен (Жол белгiлерiмен немесе жолдың жүру бөлiгiндегiтаңбалармен көрсетiлген талаптарды сақтамау), ҚР ӘҚБтК-нің 599-бабы 1-тармағымен (Бағдаршамның тыйым салынған сигналына өту), ҚР ӘҚБтК-нің 602-бабы 1-тармағымен (Көлiк құралдары жүргiзушiлерінің сыртқы жарық түсіру аспаптарын қоспау), ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабы 5-тармағымен (Құжаттары жоқ және басқару құқығы жоқ адамның көлiк құралын басқаруы), ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 5-тармағы (Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу), ҚР ӘҚБтК-нің 613-бабы 3-тармағымен (Ішкі істер (полиция) органдары қызметкерінің талаптарын орындамау, алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйін куәландырудан өтуден жалтару) жауапкершілікке тартылды.

Қазіргі таңда барлық жиналған құжаттар Тараз қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотына жіберілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру