Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

“Таза қабырға — таза қала”: Жетісу облысында полиция мен жастар экологиялық акция өткізді

Текелі қаласында полиция қызметкерлері мен “Tekeli jastary” жастар ұйымының белсенділері бірлесіп, “Таза қабырға — таза қала” атты экологиялық және профилактикалық акция ұйымдастырды, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шараның басты мақсаты — қаланың эстетикалық келбетін жақсарту, заңсыз граффити мен жазуларды жою, қоғамдық тәртіпті сақтау, сондай-ақ тұрғындар, әсіресе жастар арасында тазалық пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру.

Акция барысында қатысушылар ғимараттар мен түрлі нысандардың қабырғаларындағы заңсыз жазуларды, суреттер мен белгілерді тазарту жұмыстарын жүргізді. Жастар белсенділері полиция қызметкерлерімен бірге қоғамдық орындарды тазалап, туған қалаға жанашырлық әр тұрғыннан басталатынын іс жүзінде көрсетті.

Мұндай шаралар көшелерді таза әрі көрікті етіп қана қоймай, жас ұрпақтың қоғамдық кеңістікке, заңға және айналасындағы адамдардың еңбегіне деген құрметін қалыптастыруға ықпал етеді.

— Бүгінде жастар қоғам өмірінен шет қалмай, қала тынысына белсенді араласуда. Осындай акциялар жас буынның тәртіпті, тазалықты және жауапкершілікті таңдағанын көрсетеді. Тек бірлескен күш-жігер арқылы ғана қаламызды жайлы әрі әдемі ете аламыз, — деп атап өтті акция ұйымдастырушылары.

“Таза қабырға — таза қала” акциясы Жетісу облысының белсенді жастары қоғамдық жауапкершілік пен тазалық мәдениетін дамытуға өз үлесін қосып жүргенінің тағы бір жарқын үлгісіне айналды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру