Абай облысы бойынша ҚАЖ мекемесінің қызметкерлері профилактикалық акция өткізді
Абай облысы бойынша ҚАЖ-дың орташа қауіпсіздік мекемесінің қызметкерлері Семей қаласының балалары арасында құқықтық мәдениет пен жол қозғалысы сауаттылығын арттыруға бағытталған профилактикалық іс-шара өткізді, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Акцияның негізгі мақсаты – кәмелетке толмағандардың жол қозғалысы ережелерін сақтауға жауапкершілікпен қарауын қалыптастыру, сондай-ақ жазғы демалыс кезеңінде балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу болды.
Профилактикалық іс-шараға негізінен 7 мен 14 жас аралығындағы балалар қатысты.
Іс-шара аясында балаларға жолдағы жеке қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін білуі және сақтауы қажет негізгі жол қозғалысы ережелері қамтылған ақпараттық жадынамалар таратылды. Мекеме қызметкерлері балаларға жолдың жүру бөлігінде, жаяу жүргіншілер өткелінде және қоғамдық көлікте өзін-өзі ұстау ережелерін түсінікті түрде түсіндірді.
Велосипедтер мен электрсамокаттарда қауіпсіз қозғалу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Балаларға қорғаныс құралдарын қолдану, жылдамдық режимін сақтау және қозғалыс кезінде мұқият болу қажеттілігі еске салынды.
Сонымен қатар, оқушыларға жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілік пен жолдағы немқұрайлы әрекеттердің ықтимал салдары түсіндірілді.
– Осындай іс-шаралар балалар жарақатының алдын алуда және өскелең ұрпақтың қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – қоғамның ортақ міндеті. Балалармен жүргізілетін профилактикалық жұмыс – біздің қызметіміздің маңызды бағыттарының бірі. Бүгінде өскелең ұрпақтың жеке қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауын және жол қозғалысы ережелерін сақтауын қалыптастыру аса маңызды. Жазғы демалыс кезінде балалар көшеде көбірек уақыт өткізіп, велосипед пен электрсамокат тебеді, сондықтан қарапайым қауіпсіздік ережелерін білу баланың денсаулығын, тіпті өмірін сақтап қалуы мүмкін. Біздің міндетіміз – бұл ақпаратты балаларға түсінікті әрі қолжетімді түрде жеткізу, – деп атап өтті мекеме бастығының орынбасары Нурболат Сапаргалиев.
