"Таза Қазақстан": Абай облысында полицейлер көшет отырғызды
Абай облысында полицейлер көшет отырғызды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысы полиция департаментінің есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасы елімізде кең көлемде өтіп жатқан республикалық "Таза Қазақстан" экологиялық акциясын қолдай отырып, туған жер табиғатын көгалдандыруға өз үлесін қосты.
Экологиялық шара аясында басқарма қызметкерлері арнайы бөлінген аумақта ондаған жас көшет отырғызды. Олар табиғат пен өмірдің жаңаруы, өсіп-өну мен таза болашақтың символына айналды.
Бұл бастама тек қоршаған ортаны көркейту мақсатын ғана көздемейді. Оның тәрбиелік мәні де ерекше. Құқық қорғау қызметкерлері өздерінің үлгілі іс-әрекеті арқылы азаматтық жауапкершілік, экологиялық мәдениет және салауатты өмір салты идеяларын насихаттайды.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Таза Қазақстан" жобасы туралы бастамасы – бүкіл елге үлгі. Тазалық — бұл тек айналаны сыпыру емес, бұл — ішкі мәдениет, табиғатқа, қоршаған ортаға, туған жерге деген құрмет. Ішкі тазалық – сыртқы тазалықтың негізі. Сондықтан да біз, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері, бұл бастаманы толық қолдаймыз. Біз Қазақстанның тазалығы үшін — есірткі тәуелділігінен де, қоғам мен көшенің қоқысынан да арылуға күш саламыз, – деді басқарма бастығы Тілек Қамза.
Басқарма өңір тұрғындарын табиғатты аялауға үндеп, еліміздің таза әрі жасыл келешегін қалыптастыру жолында белсенді азаматтық ұстаным танытуға шақырады. Мұндай игі бастамалар — әр азаматтың қоғам мен табиғат алдындағы борышын өтеуінің көрінісі.