Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Темірдей тәртіпке бағынған анықтаушы ару

Polisia.kz сайтының редакциясы 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында құқық қорғау саласында абыройлы қызмет атқарып жүрген полицей арулардың бірі туралы материал ұсынады.

Полицияда ер адамдармен қатар, абыроймен қызмет атқарып жүрген полицей әйелдер баршылық. Қоғам тыныштығын күзету, осы міндетті жауапкершілікпен атқару оңай емес екендігі бәрімізге белгілі. Бұл сала ерлерге немесе әйелдерге бөлінбейді. Қызметкерлердің барлығына қойылар талап пен тәртіп бірдей.  Темірдей тәртіпке бағынып, қызметке адалдық танытқан жандардың бірі – Қызылорда қаласының Полиция басқармасы Ақсай полиция бөлімінің  анықтаушысы Айсаулем Қзылходжаева.

– Отбасымызда құқық қорғау органдары қызметкерлері династиясының негізін қалаушы менің әкем – Амангелді Медиев. Ол ішкі істер органдарында 25 жыл жұмыс істеді, – дейді Айсаулем.

Айсәулемнің ағасы – Ренат Медиев Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының доценті болып табылады.

Құқық қорғау органдарындағы қызмет, полицейлердің жұмысы туралы бала кездерінен естіп өскен Ренат пен Айсаулем есейгенде өз тағдырларын ішкі істер органдарымен байланыстыру туралы шешім қабылдаған.

– Менің ойымша, біздің мамандық ең маңызды қызметтердің бірі, өйткені біз адамдарға көмектесеміз, оларды қылмыскерлерден қорғаймыз. Мен қиындықтардан қорықпаймын және өз Қазақстанымның игілігі үшін қызмет етуге әрқашан дайынмын, – деп атап өтті Айсәулем.

Айсаулемнің жұбайы Төтенше жағдайлар департаментінде қызмет етеді, қазір олар үш бүлдіршін тәрбиелеп отыр.

– Егер бала кішкентайынан құқық қорғау саласы туралы жетік біліп, көріп өссе, онда ол полицейлердің қандай қызмет атқаратындығын ерте түсінеді. Менің отбасым жұмысымның ерекшелігін жақсы біледі, олар үшін бұл қалыпты жағдай. Бұл отбасындағы өзара түсіністікке ықпал етеді. Отбасы мүшелерінің жұмысыңды қолдап, түсіністікпен қарауы қызметте үлкен жетістіктерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Менің абыройым отбасымның тілеуінде деп білемін, – дейді ол.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру