Түлкібас тұрғынының жоғалған жылқыларын полиция тауып берді
Түркістан облысының полицейлері жайылымнан жоғалған жылқыларды тауып, иесіне табыстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түлкібас АПБ-не жергілікті тұрғын 11 бас жылқыларының жоғалып кеткендігі туралы хабарлаған. Ол малдарын өз бетінше іздеген, алайда еш нәтиже шықпаған соң тәртіп сақшыларының көмегіне жүгінген.
Аталған жайтқа байланысты полицейлер хабар алысымен оқиға орнына жедел жетіп, айналаны бір шолып шықты. Көрген білген куәгерлерден сұрастырып, ірі қара малдарды ізбе-із жүре отырып іздеді. Нәтижесінде небары екі сағат ішінде ауылдан шамамен бес шақырым қашықтықта жайылып жүрген жерлерінен табылып, заңды иесіне табысталды.
Өз кезегінде жергілікті тұрғын полиция қызметкерлерінің адал қызметтеріне шынайы ризашылығын білдіруде.
– Мен, Түлкібас ауданының тұрғыны жайылымда жүрген 11 бас жылқыларым жоғалды. Содан соң өзім іздеп таппаған соң, Түлкібас АПБ-ның полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгіндім. Олар малдарымды екі сағат ішінде тауып берді. Түлкібас АПБ-ның учаскелік полицейлерінің қызметтеріне алғысым шексіз. Жұмыстарына табыс тілеймін.
Осы тұста тәртіп сақшылар тұрғындарға өз малдарына ие болуды ескертеді. Сондай-ақ қараусыз жайылымға жібермей, өз бақылауларыңызда ұстаңыздар. Егер, малдарыңыз беймезгіл уақытта жоғалғанын немесе ұрланғанын көрсеңіз тез арада полиция қызметкерлеріне «102» байланыс нөмірі арқылы хабарласыңыздар.