Түнгі кезекшіліктен шыққан полицей еш ойланбастан көшедегі кептелістің алдын алды
Кезекшіліктен шыққан шымкенттік полицей көлігінен түсіп, жол қозғалысын реттеуге бірден кірісті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ағымдағы жылдың 12 қараша күні сағат 10:04 шамасында Шымкент қаласы Арғынбеков және С.Бәйтереков көшелерінің қиылысында бағдаршам істен шығады. Салдарынан әп-сәтте көлік кептелісі туындаған. Осы сәтте үйіне қайтып бара жатқан Шымкент қаласы Полиция департаментінің Жергілікті полиция басқармасы Патрульдік полиция полкінің қызметкері еш ойланбастан, көлігінен түсіп, жол қозғалысын реттеуге кіріседі.
Айта кетейік, Алдаберген Мылтықбай түнгі кезекшіліктен шыққан болатын. Дегенмен, мамандығы алдында адалдық танытқан аталмыш қызметкердің жол қозғалысын реттеуінен кейін көлік ағыны жиі көше қиылыстарындағы жағдай бір қалыпқа түскен. Ұзын-сонар көлік кезегінің орын алғанына бей-жай қарамай, керісінше автокөлік тізгіндеушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, түрлі жол көлік апатының алдын алған тәртіп сақшысы – патрульдік полиция полкінің 12 рота қызмет инспекторы Алдаберген Мылтықбайдың іс-әрекеті көптің көңілінен шықты. Ол ауа райының қолайсыз, жауын-шашынды болуына қарамастан, аталмыш мекенжайға кезекшіліктегі әріптесі келгенше қызмет көрсеткен. Айта кетейік, Алдаберген Керімбайұлы 2012 жылдан бастап Ішкі істер органында қызмет атқарып келеді. Осыған дейін де бірнеше рет мінсіз қызметі үшін басшы құрам тарапынан марапатталып, алғысқа бөленген.