Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

“Түнгі қаладағы балалар” ЖААІШ: Қостанай облысында 56 ата-ана жауапқа тартылды

Қостанай облысында “Түнгі қаладағы балалар” жедел алдын алу шарасының бірінші күнінде 56 ата-ана жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Полиция қызметкерлері тұрақты түрде “Түнгі қаладағы балалар” жедел алдын алу іс-шарасын өткізеді. Оның негізгі мақсаты – түнгі уақытта ойын-сауық орындарында және көшеде ата-анасының қарауынсыз жүрген балаларды анықтау.

Шараның бірінші күнінде полицейлер кәмелетке толмағандардың тұрғын үйден тыс жерде болғаны үшін 56 заңды өкілді әкімшілік жауапкершілікке тартты. Сондай-ақ профилактикалық есепке 16 тұрмысы нашар отбасы және 19 кәмелетке толмаған бала қойылды. Жедел алдын алу шарасы шеңберінде есепте тұрғандарға тұрғылықты жері бойынша тексеру жүргізіледі.

Қостанай облысы ПД жергілікті полиция қызметінің маманы Зарина Мурзабекованың айтуынша, балалар негізінен саябақтарда, жағалауларда, алаңдарда болады. Полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандардың қылмыстық қол сұғушылықтың құрбаны болмауына және өздері қылмыстық теріс қылықтар жасамауына назар аударады.

Жыл басынан бері өңірде жасөспірімдер қылмысы 38%-ға төмендеді. Кәмелетке толмағандарға қатысты 39 қылмыс жасалды. Барлық қылмыстың беті ашылды. Олардың көп бөлігі жол көлік-апатына жатады. Қазіргі уақытта Қостанай облыстық полицияның есебінде 849 кәмелетке толмаған және 1026 тұрмысы нашар отбасы тұр.

“Түнгі қаладағы балалар” жедел алдын алу шарасы 19 шілдеге дейін жалғасады. Полиция жасөспірімдердің ата-аналары мен заңды өкілдеріне демалыс кезінде балаларды бақылауды және олардың қауіпсіздігін қадағалауды сұрайды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру