Туристік маусымға дайындық: Павлодар облысында полиция қауіпсіздік шараларын күшейтті
Павлодар облысында Баянауылдағы туристік маусымға дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Демалушылар саны мен көлік қозғалысының артуына байланысты полиция қызметкерлері жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық және ұйымдастырушылық шараларды күшейтті.
Қазіргі уақытта полицейлер туристік аймаққа апаратын автожолдардың жай-күйін тексеріп, жол-көлік оқиғалары жиі тіркелетін қауіпті учаскелерге талдау жүргізуде. Бұл жұмыстар барысында дрондар да пайдаланылып жатыр. Әсіресе ескерту белгілерінің орналасуы, жылдамдықты шектеу талаптары, қауіпті бұрылыстар мен қозғалыс қарқыны жоғары аумақтарға ерекше назар аударылуда. Себебі жаз мезгілінде өңірдегі ең қарқынды бағыттардың бірі — Жасыбай, Торайғыр және Сабындыкөл көлдеріне апаратын жолдар.
Павлодар облысы ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бакибай Ахмедьянов жазғы маусымда туристік бағыттардағы көлік ағыны бірнеше есе артатынын атап өтті.
— Жол-көлік оқиғаларының алдын алу және бақылау шараларын күшейту — басты міндеттердің бірі. Бұл жұмыстар "Заң және Тәртіп" қағидаты аясында жүзеге асырылып, ең алдымен азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған, — деді ол.
Полиция жүргізушілерге алыс жолға шығар алдында көліктің техникалық жағдайын мұқият тексеруге, жылдамдық режимі мен қауіпсіз арақашықтықты сақтауға, қарсы бағытқа шықпауға және жол белгілерінің талаптарын қатаң ұстануға кеңес береді.
