Қызылордада сотталғандарға “Сен жанұяңа керексің” фильмі көрсетілді
Қызылорда облысындағы қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №37 мекемесінде жазасын өтеушілерге “Сен жанұяңа керексің” тақырыбындағы қысқаметражды фильм көрсетілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараның негізгі мақсаты — сотталған азаматтардың отбасы алдындағы жауапкершілік сезімін арттыру, жақындарымен байланысты нығайту және олардың қайта әлеуметтенуіне ықпал ету.
Көрсетілімге мекемедегі барлық сотталғандар қатысты. Арнайы дайындалған фильм арқылы қатысушыларға заңға құрметпен қарау, тәртіп сақтау және саналы шешім қабылдаудың маңызы түсіндірілді.
Іс-шара соңында сотталғандар өз ой-пікірлерімен бөлісіп, өмірлеріне ой жүгірткендерін жеткізді.
— Бұл фильм маған үлкен ой салды. Көзіме жас келді, өмірімді қайта сараладым. Біз де отбасы алдында жауапкершілігі бар жандармыз. Қателестік, заң бұздық. Бірақ жазамызды өтеп, отбасымызға оралсақ деген үмітіміз бар, — деді сотталған азаматшалардың бірі.
Мекеме қызметкерлерінің айтуынша, мұндай тәрбиелік шаралар сотталғандардың қоғамға бейімделуіне және олардың өмірге деген көзқарасын өзгертуге оң әсер етеді.
