Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облыстық ПД бастығының бірінші орынбасары Арыста саптық байқау өткізді

Түркістан облысының полицейлері “Құқықтық тәртіп” іс-шарасының үш тәулігінде үш қылмысты ашып, 200-ден астам құқық бұзушылықты анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Арыс аудандық полиция бөлімі ғимаратының алдында саптық байқау өтіп, қоғамдық тәртіпті және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге Арыс АПБ мен басқа да аудандық полиция бөлімдерінің 100-ден астам қызметкері бөлінді. Саптық байқауды Түркістан облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Бағланбек Айтпаев өткізді. Жеке құрамға аудан аумағындағы жедел жағдай туралы ақпарат берілді, азаматтардың құқықтарын сақтау жөніндегі талаптар, сондай-ақ құқықтық тәртіп пен заңдылықты қамтамасыз ету жөніндегі міндеттер түсіндірілді.

Содан кейін тәртіп сақшылары көшелерді патрульдеу, жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алу және әкімшілік құқық бұзушылықтар мен қылмыстың, оның ішінде қару қолдану арқылы жасалатын жайттардың жолын кесу бойынша қызмет атқарды.

“Құқықтық тәртіп” шарасының үш тәулігінде “ізін суытпай” үш қылмыстың беті ашылып, 224 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, сондай-ақ айыптұраққа 12 көлік қойылды. Сондай-ақ 200-ден астам қора-жайды тексеріп, ІІО-да есепте тұратын 150-ге жуық тұрғынмен профилактикалық әңгімелер жүргізілді.

Бұдан басқа тәртіп сақшылары Көксарай су қоймасы мен Сырдария өзенінің аумағында табиғат қорғау заңнамасын бұзудың алты фактісін анықтады. Ал құқық бұзушыларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 383-бабы 1-бөлігі (Балық аулау және балық ресурстарын және басқа да су жануарларын қорғау ережелерін бұзу) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.

Полицейлер Түркістан облысының басқа қалалары мен аудандарында да осындай жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізілетінін атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру