Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысы ПД бастығы қызметкерлердің балаларына мерекелік іс-шара ұйымдастырды

Түркістан облысы ПД бастығы Мұрат Қабденов жеке құрам қызметкерлерінің ұл-қыздарына арнайы Жаңа жылдық кеш ұйымдастырды. Оқушылар сарайында өткен іс-шара балаларға ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ең алғаш кішкентай қонақтар үлкен жасыл шырша жанына жиналды. Мұнда ертегі кейіпкерлері, жаңа жылдың символына айналған Аяз ата мен Ақшақар келіп, балаларды Жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Көңілді мерекені Түркістан облысы ІІО ардагерлер кеңесінің төрағасы Оспанғазы Жанқожаев, Кадр саясаты басқармасының бастығы Мақсат Асқаров ашып, бас полицейдің құттықтауын жеткізді.

– Құрметті біздің жас достар! Бүгін сіздер үшін облыстың бас полицейі Мұрат Қабденов арнайы мереке ұйымдастырып отыр. Оның үстіне биылғы жыл Балалар жылы! Ағымдағы жылы өздеріңіздің ата-аналарыңыз, яғни полицей аға-әпкелеріңіз күнделікті қауырт жұмыстарынан уақыт тауып, мүмкіндігінше балаларды қуантуға тырысты. Балаларды қатыстыра отырып, түрлі жарыстар өткізіп, қайырымдылық жасады. Бүгінгі мереке де – соның бірі. Сондықтан келе жатқан Жаңа жыл құтты болсын! Алдағы уақытта бәрің де егемен елімізде ер жетіп, ата-ананың мақтанышы болар, мұғалімдеріңнің үмітін ақтар білімді азамат бола беріңдер, – деп тілек білдірді.

Одан кейін мерекеге лайықты сахналық киім киген бүлдіршіндер әсем ән шырқап, мың бұралған би биледі. Жаңа жылдық тосынсый мұнымен толастамады. Яғни, түркістандық полицейлердің перзенттері заманауи үлгіде бой көтерген Оқушылар сарайының концерт залына өтіп, сахналық ертегі қойылымын тамашалады. Сондай-ақ балаларға облыстың бас полицейінің атынан жаңа жылдық сыйлықтар таратылды.

Жеке құрам қызметкерлері іс-шараны ұйымдастырып, ұл-қыздарына мереке сыйлаған ПД басшысына алғыстарын айтты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру