Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысы Полиция департаментінің 100-ге жуық қызметкері марапатталды

ҚР Тәуелсіздік мерекесіне орай Түркістан облысы Полиция департаментінің 100-ге жуық қызметкері марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бүгін, 15-желтоқсан күні Түркістан облысы Полиция департаментінің мәжіліс залында ҚР Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік іс-шара ұйымдастырылып, жиын ҚР-ның Мемлекеттік Әнұранының шырқалуымен бастау алды. Ата-бабамыз ғасырлар бойы армандап жеткен тәуелсіздік күніне арналған бейнеролик көрсетілді.

Салтанатты іс-шараның алғашқы сөзін сөйлеген ТО ПД-нің бастығы Қайрат Дәлбеков:

– Ұлтымыз үшін ұлы мереке – Тәуелсіздік күні баршаңызға құтты болсын. 2020 жыл – еліміз үшін өте қиын жылдардың бірі болды. Түркістан облысының өзінде бірнеше төтенше жағдайлар орын алды. Десекте, басымызға түскен ауыртпалықтар артта қалды. Ендігі кезекте елімізде тек тыныштық болсын! Көк Туымыз әрқашан көкте қалықтай берсін! Жеке құрам жұдырықтай жұмылып, Түркістан облысы Полиция департаментінің алдына қойылып отырған міндеттерді және Тәуелсіздігіміздің одан әрі нығаюы мен берік болуына бағытталған шараларды абыроймен атқара береміз деген сенімдемін!, – деп жеке құрамның қоғамдық тыныштықты сақтаудағы жұмыстарына табыс тілеп, мерекеге келген барша қауымды құттықтады.

Сонымен қатар ҚР ІІМ полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығымен коронавирус індетінен қайтыс болған Өрт сөндіру бөлімінің жүргізушісі азаматтық қорғау старшинасы Жұлдызхан Момбековтің медалін жұбайы Қаламқас Башароваға табыстады.

Қайрат Дәлбеков өз сөзінде: – Осындай арда ұлдардың халқы үшін атқарған қызметі ешқашан ұмытылмайды. Қиындыққа қарамастан, адал қызмет үлгісін көрсеткені мәңгі жадамызда сақталады, – деп атап өтті.

Одан ары мерекеге орай өздерінің қызметтерін мінсіз атқарып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгені үшін полиция майоры Асқар Кушкалиев «Кезектен тыс полиция подполковнигі» шенін алса, «Бір саты жоғары полиция подполковнигі арнаулы атағын» полиция подполковнигі Марат Паттаев иеленді.

Сондай-ақ, «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен полиция подполковниктері Нұрғазы Қазанғапов, Ерлан Асқаров, Бахытжан Тулебаев және полиция старшинасы Сейдіғали Бегайлов марапатталды.

II дәрежелі «Ішкі істер органдарының үздігі» омырау белгісі полиция майоры Арман Жұманов, полиция капитандары Бек Шамил, Гүлзейнеп Қаражігітова, Сапархан Қайыповтарға және полиция аға лейтенанты Айгерім Оразбекке, полиция майоры Рахымжан Шекербекке тағылды.

«ҚР ІІМ-нің Құрмет грамотасымен» полиция полковнигі Марат Әлмұхамедов, полиция капитаны Салық Әнуаровтар марапатталды. Ал, ІІМ «Алғыс хатымен» полиция майоры Қанат Тәңірбергенов пен полиция капитаны Елжас Асанов марапатталды. Сонымен қатар, осы бұйрықпен 14 қызметкерге алғыс жарияланды.

Оған қоса күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша күзет іс-шараларын ұйымдастыруға және өткізуге белсенді қатысқаны, қызметтік міндеттерін адал атқарғаны үшін полиция полковнигі Ұлықбек Мылтықовқа ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы Генерал-полковник Қ.Қасымовтың Алғысы жарияланды.

Ал Департамент бастығы Қайрат Дәлбековтің Грамотасымен полиция лейтенанты Рахымжан Ниязбекұлы марапатталды. Сондай-ақ осы бұйрықпен 23 қызметкерге алғыс жарияланып, 37 қызметкердің тәртіптік шарасы мерзімінен бұрын алынды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру