Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында мал ұрлаған ағайындылар 5 жылға сотталды

Түркістан облысында мал ұрлаған ағайындылар бес жылға сотталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бәйдібек ауданында айналысқан үш ер адамға қатысты сот үкімі шықты. Нақтырақ айтсақ, бәйдібектік тәжірибелі полицейлердің қырағылығы арқасында, мал ұрлығы қылмысына қатысты үшеуге тиісті жаза қолданылды.

Аталған мал ұрлығы жайлы тарқатып айтар болсақ, Бәйдібек АПБ-не жергілікті тұрғын арызданып, қорасында тұрған тоғыз бас қойын белгісіз біреулер ұрлап кеткенін жеткізді. Жәбірленушіге келтірілген шығынның көлемі 400 мың теңгені құрады. Бұл жайтты полицейлер тез арада тіркеуге алды.

Жедел-тергеу тобы ақпарат алысымен оқиға орнына аттанып, жедел шараларды жүргізді. Осы кезде тағы бір тұрғын арызданып, жайылымнан үш бас сиырын белгісіз біреулер жымқырып кеткені бойынша шағым түсірді.

Орын алған мал ұрлығы қылмыстарын ашу, күдіктілерді ұстау мақсатында тәртіп сақшылары қарқынды қызмет атқарды. Мал таситын көліктерді, мал базарларды мұқият тексеріп шықты. Бәйдібек АПБ КПБ бастығы Нұрымхан Ережепов бастаған жедел уәкілдердің жан-жақты іздестіруі нәтижесінде, екі жайт мал ұрлығына да қатысы бар күдіктілердің жеке басы анықталды.

Күдікті ретінде үш ер адам ұсталды, АПБ-не жеткізілді. Оның екеуі туған бауырлар болса, үшіншісі таныстары болып шықты. Ағалы-інілі екеу шымкенттік тұрғындар болса, үшіншісі жергілікті тұрғын. Біреуі бұрын сотты болған.

Бұл істің ақ-қарасын ажыратып, істің түйінін шешеді деген сеніммен өзінің қызметтегі кәсіби шеберлігін көрсетіп жүрген Бәйдібек АПБ-нің тергеушісі Әкежан Амангелдіге сеніп тапсырылды. Аталған тергеушімен күдіктілердің жоғарыда айтылған екі ұрлық қылмысына да қатысы бар екендігі толық дәлелденді. Одан бөлек тергеу барысында, күдіктілер мұнымен қоймай, үшінші тұрғынның қорасынан екі бас сиырын ұрлап кеткені анықталды.

Жалпы үш жайтта жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі екі миллион теңгеге жуықтады. Белгілі болғандай күдіктілер, алдын ала сөзбайласып, ұрлық жасаған. Яғни күдіктінің бірі ұрлық жасайтын жерді тауып, басқаларына хабар берген. Келесілері арнайы көлік жалдап келіп, ұрланған малдарды тиеп әкетіп отырған. Одан ары Шымкент, Жетісайдың мал базарларында малдарды сатып, ақшасын теңдей бөліп алып отырған.

Тергеуші Ә.Амангелді: – Тергеу әрекеттерін ҚР ҚК-нің 188-1-бабы (Мал ұрлығы) бойынша жан-жақты жүргіздік. Күдіктілер мінген көлікті таптық. Алдымыздан кездескен барлық кедергілерден өттік. Одан кейін, сотқа дейінгі тергеу амалдарына біршама уақыт жұмсадық. Күдіктілердің кінәсін дәлелдеу үшін қажетті айғақтарды жинақтадық. Ата-бабамыз “жау алыстан келмейді” дегеніндей, күдіктінің бірі ауылдағы адамдар мен олардың малдарының жай-күйін білетін жергілікті тұрғын болып шықты. Оңай ұрлап кетуге болатын қора-жайлар мен жайылымдарды тауып, күдікті сыбайластарымен осындай әрекетке барған. Материалдық шығын тергеу кезінде өндірілді. Осылайша іс толығымен аяқталып, айыптау актісімен сотқа жолданды. Нәтижесінде күдіктінің бірі бес жылға бас бостандығынан айырылса, қалған екеуіне бес жыл мерзімге шартты түрде бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды, – деп істің соңына жеткенін атап өтті.

Полицейлер облыс тұрғындарына ескертеді: қора-қопсыны мықтап қоршап, бекітіп, малды жайылымға жіберер кезде сенімді адамға немесе бақташыға тапсырыңыз! Оларды дер кезінде таңбалап, сырғалаңыз! Ұрының сіздің салғырттығыңызды пайдаланып, малыңызды иемденіп кетуіне мүмкіндік бермеңіз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру