Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында мас халде көлік басқарған 4 бірдей азаматқа қатысты сот шешімі шықты

Түркістан облысында мас халде көлік басқарған төрт бірдей азаматқа қатысты сот шешімі шықты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Отырар ауданы аумағында ағымдағы жылдың сәуір айының 11-13 күндері аралығында “Қауіпсіз қала” жедел-профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылып, өткізілді.

Осы іс-шараның бірінші тәулігінде жалпы 50 әкімшілік хаттама толтырылған. Оның ішінде ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша төрт дерек тіркелген.

Осы жайтқа қатысты төрт азамат Отырар аудандық ауруханасының наркологиялық медициналық куәландыруынан өткізіліп, нәтижесінде “жеңіл дәрежелі” масаң күйде екендігі анықталған. Аталған құқықбұзушылықты жасаған төртеудің автокөліктері ақылы айыптұраққа қойылып, тиісті құжаттар жинақталды. Осылайша жинақталған құжаттар заңды шешім қабылдау үшін Отырар аудандық сотына жолданған болатын. Бүгінде спирттік ішімдік ішіп масаң халде көлік тізгіндеген азаматтарға қатысты сот шешімі шықты.

Аудандық сот олардың әрқайсысын жеті жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырып, 15 тәуліктен әкімшілік қамаққа алу бойынша үкім етті.

Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Автокөлікке мас халде отырмаңыз, бұның соңы жазатайым оқиғалар мен өлімге әкеп соқтыруы мүмкін. Қашықтықты және маневр жасау ережелерін сақтау, жылдамдықты асырмау және қарсы жолаққа шықпау қажет. Жүргізушілер, үнемі жол қауіпсіздігі ережесін орындаса, тәртіпке бағынса, өз өмірі мен жолаушылардың өмірін сақтайтынын естен шығармағаны жөн.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру