Түркістан облысында мүгедектікке шығарып беремін деп тұрғынды алдаған күдікті әйел анықталды
Түркістан облысында мүгедектікке шығарып беремін деп тұрғынды алдаған күдікті әйел анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазығұрт АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, ол жақын таныс емес әйелге сеніп, оның арбауына түсіп қалған. Яғни, мүгедектікке шығарып беретінін айтқан алаяқ тұрғынның ақшасын алған соң хабарсыз кеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығынның көлемі 350 мың теңгені құрайды.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеуге алынды. Орын алған алаяқтық қылмысын ашып, күдіктіні ұстау үшін жедел-тергеу тобы құрылды. Нәтижесінде, қазығұрттық полицейлер күдіктінің ізіне түсті.
Анықталғандай, ол өткен жылы дәл осындай алаяқтық жасап, сотты болған жергілікті жұмыссыз тұрғын болып шықты. Қазіргі таңда күдікті әйелге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.