Түркістан облысында нашақорлықтың алдын алуға бағытталған спорттық іс-шара өтті
Түркістан облысында нашақорлықтың алдын алуға бағытталған спорттық іс-шара өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сауран ауданында нашақорлық пен есірткі қылмыстарының алдын алу мақсатында "Біз нашақорлыққа қарсымыз" тақырыбында шағын футболдан спорттық жарыс ұйымдастырылды.
Спорттық шараға полиция бөлім бастығының бірінші орынбасары Диас Балданов, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Баймахан Сүлейменов, ауылдық округ билері және жергілікті тұрғындар қатысты.
Тартысты өткен жарысқа барлығы төрт команда қатысып, өзара бақ сынады. Қатысушылар ойын барысында жоғары дайындық пен командалық бірлікті көрсетті. Жарыс қорытындысы бойынша үздік командалар арнайы кубоктармен марапатталды.
Жарыс барысында тұрғындарға интернет алаяқтықтың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Тәртіп сақшылары азаматтарға алаяқтардың арбауына түспеу жолдары мен сақтық шаралары туралы кеңінен ақпарат берді.
Сондай-ақ қоғаммен бірлесіп атқарылған жұмыстар үшін Түркістан облысының бас биі Таубай Балтабайұлына полиция бөлім бастығының алғыс хаты табысталды.
