Атырауда экологиялық құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселесі талқыланды
Атырау облысы полиция департаментінің бастығы Оңал Бекеев Атырау қаласындағы пәтер иелері кооперативтері мен мүлік иелерінің бірлестігі басшыларымен және тұрғындармен экологиялық құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселесі бойынша кездесу өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кездесудің негізгі мақсаты – қоршаған ортаны қорғау талаптарының сақталуын қамтамасыз ету, экологиялық құқық бұзушылықтардың алдын алу және полиция мен тұрғын үй басқарушы ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейту. Жиын барысында белгіленбеген орындарға қоқыс төгу, тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын заңсыз шығару, аула аумақтарының ластануы және мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері талқыланды.
Қоршаған ортаның тазалығын сақтау – жиынның басты тақырыптарының бірі болды. Тәртіп сақшылары көпқабатты тұрғын үйлердің аумағында тазалықты сақтау, қоқысты арнайы белгіленген орындарға шығару, заңсыз қоқыс орындарының пайда болуына жол бермеу қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар аулалар мен ортақ пайдаланылатын аумақтарды тұрақты бақылауда ұстау, тазалық жұмыстарына жауапкершілікпен қарау және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңызы айтылды.
ПИК және МИБ басшыларына тұрғындар арасында қоршаған ортаны қорғау, қалдықтарды дұрыс шығару және аула аумақтарының тазалығын сақтау бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыру ұсынылды. Сондай-ақ заңсыз қоқыс төгу фактілері анықталған жағдайда тиісті органдарға дер кезінде хабарлау қажеттігі атап өтілді.
Жиын соңында қоғамдық тәртіп пен қоршаған ортаны қорғау ісіне белсенді үлес қосқан азаматтар марапатталып, алғыс хаттар табысталды.
