Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында табиғатты қорғау заңнамасы саласында 17 қылмыстық іс анықталды

Түркістан облысының тергеушілері табиғатты қорғау заңнамасы саласындағы 17 қылмыстық істі сотқа жіберді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысы Полиция департаменті тергеушілерінің өндірісінде балық және басқа да табиғи ресурстарды заңсыз аулаумен, сондай-ақ қоршаған ортаға зиян келтірумен байланысты 30-ға жуық қылмыстық іс бар. Оның ішінде 17 қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеудің жиналған материалдары заңды шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді.

Мәселен, Сайрам ауданында анықтаушылар ҚР ҚК-нің 339-бабы (Жануарлар мен өсімдіктердің сирек түрлерімен заңсыз айналысу) бойынша сотқа екі қылмыстық істі жіберген. Ал мына бір жайтта полицейлер Манкент тұрғынының шаруашылық ауласында рейдтік іс-шараларды жүргізу барысында екі бірдей “Қызыл кітапқа ” енген бүркітті анықтап, тәркіледі. Екінші жайтта тәртіп сақшылары дәмханадан Қызыл кітапқа енгізілген жабайы үкіні тәркіледі. Анықталған құстарды полицейлер хайуанаттар бағына орналастырды.

Бүгінгі таңда облыстық Полиция департаментінің тергеушілері браконьерлердің қылмыстық тобына қатысты қылмыстық істі тергеуде. Ұсталғандар Жетісай мен Шардара аудандарының тұрғындары. Күдіктілер бірнеше жыл бойы Шардара су қоймасында заңсыз балық аулаумен және оларды Шымкент қаласының базарларында сатумен айналысқан.

Қазіргі уақытта тергеушілер аталған жайтқа байланысты ҚР ҚК-нің 335-бабы (Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерді заңсыз алу) бойынша сотқа дейінгі тергеуді жүргізуде. Браконьерлік дерегі бойынша тергеу жалғасуда. Полиция браконьерлердің қылмыстық тобының алдын ала ұйымдасқан болуы мүмкін екендігін жоққа шығармайды.

Түркістан облысының полицейлері өз кезегінде браконьерлік және заңсыз балық пен басқа да табиғи ресурстарды, оның ішінде ҚР Қызыл кітабына енгізілген жануарлар мен өсімдіктерді аулағаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салады. Тәртіп сақшылары Түркістан облысының тұрғындары мен қонақтарын табиғатты, жануарлар мен өсімдіктерді қорғауға, сондай-ақ табиғат қорғау заңнамасының баптарын бұзбауға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру