Түркістан облысында тұрғынның ауласынан 36 түп қарасора тәркіленді
Түркістан облысында тұрғынның ауласынан 36 түп қарасора тәркіленді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысында полицейлер есірткі құрамдас өсімдіктерді заңсыз өсіру фактісін анықтады.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Сайрам аудандық полиция басқармасының қызметкерлері 52 жастағы жергілікті тұрғынның өз үйінің ауласында есірткі құрамдас өсімдіктер өсіріп отырғанын анықтады.
Оқиға орнына жедел-тергеу тобы жіберіліп, тиісті тексеру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде ауладан 36 түп өсімдік анықталып, тәркіленді.
Сараптама нәтижесінде тәркіленген өсімдіктердің қарасора екені анықталды. Олардың жалпы салмағы 6,5 келіден асты. Күдіктінің айтуынша, ол есірткі құрамдас өсімдіктерді жеке пайдалану мақсатында өсірген.
Қазіргі таңда есірткі құрамдас өсімдіктерді заңсыз өсіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды.
