Қостанай облысында үздік жедел уәкіл анықталды
Қостанай облысында үздік жедел уәкіл анықталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция капитаны Қуат Омаров Қазақстан Республикасы ІІМ-де өтетін "Үздік жедел уәкіл" республикалық байқауында Қостанай облысы полиция департаментінің намысын қорғайды. Ол жедел бөлімшелер қызметкерлері арасындағы облыстық жарыста жеңіске жетіп, осындай мүмкіндікке ие болды.
Қостанай облысы полиция департаментінде өткен байқау үш кезеңнен тұрды: дене дайындығын тексеру, оқ ату және кәсіби білімді тестілеу. Қатысушылар өздерінің шеберлігін, төзімділігі мен тәртіптілігін көрсетті.
— Мұндай байқаулар қызметкерлердің дайындық деңгейін объективті бағалауға, тәжірибе алмасуға және жедел бөлімшелердің үздік өкілдерін анықтауға мүмкіндік береді. Қуат Омаров республикалық кезеңде Қостанай облысының намысын лайықты қорғайтынына сенімдімін, — деді криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Қанат Тлемисов.
Бірінші орынды Қостанай қаласы полиция басқармасы Оңтүстік полиция бөлімінің криминалдық полиция бөлімшесінің аға жедел уәкілі Қуат Омаров иеленді. Екінші орынды Қостанай қаласы полиция басқармасы есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің жедел уәкілі Руслан Советовке бұйырды. Үшінші орынды Сарыкөл ауданы полиция бөлімінің криминалдық полиция бөлімшесінің аға жедел уәкілі Бахтияр Сунденталин жеңіп алды. Төртінші орынды Науырзым ауданы полиция бөлімінің қызметкері Жасұлан Исабаев иеленді.
Байқау жедел бөлімшелер қызметкерлерінің кәсіби шеберлігін арттыруға және практикалық дағдыларын жетілдіруге бағытталған. Енді жеңімпаз республикалық кезеңде еліміздің үздік жедел уәкілдерімен бақ сынап, өзінің дайындық деңгейін көрсетеді.
