Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысының полицейі әлемдік жарыста алтын медаль алды 

Түркістан облысының полицейі әлемдік жарыста алтын медаль алды, – деп хабарлайды Polisia.kz

Шілденің соңғы 10 күнінде Нидерланд мемлекеті Роттердам қаласында әлем бойынша полицейлер мен өрт сөндірушілер арасында спорттық жарыс өткізілді. Сайысқа 97 мемлекеттен кіл мықтылар қатысты. Оның ішінде Түркістан облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының патрульдік полиция батальонының қызмет инспекторы Нұрқанат Утешов те бар.

Аталған Түркістанның мақтанышы, «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» дегендей, бағы мен бабы келісіп, нағыз мықты екенін дәлелдеді. Бүкіл әлемдегі полицейлер арасында дараланып, алға оза шықты. Спортшы-полицей Нұрқанат 90 келі салмақта армрестлинг қол күрес түрінен күш сынасып, берілген санаулы уақыт ішінде қарсыластарынан айла-тәсілін асырып, жеңіске жетті. Оң қолымен бес қарсыласпен күресіп, бесеуін де жеңіп, алтын медаль иеленді.

Сол қолы бойынша жүлделі ІІ-ші орынды алды. Осылайша Созақ ауданының тумасы, ішкі істер саласында 2004 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан Нұрқанат елге алтын және күміс алқамен оралды. Жастайынан спортпен шұғылданған полиция қызметкері Нұрқанат қол күресімен 2011 жылдан бері айналысып келеді. Жетістіктері де аз емес. Тіпті, Қазақстан чемпионы, Азия чемпионы деген атақтарын иеленген.

Отбасылы, көпбалалы әке. Бүгінде жұбайы екеуі 3 қыз, 2 ұл тәрбиелеп отырған бақытты отбасы. Әріптестері әлем бойынша полицейлер арасында жүзден жүйрік атанған жеңімпаз Нұрқанат Утешовқа әрдайым осылай спортта жеңіс тұғырынан көрініп, қызметінде генерал шеніне дейін жетуіне тілекші екендерін айтты.

Жалпы, күштік құрылым қызметкерлері арасында өткен спорттық сайыстың негізгі мақсаты – полицейлер мен өрт сөндірушілердің спорттық шеберлігі мен дайындығын нығайту. Спортқа бейім қызметкерлердің арасында спортты одан ары дамытып, күрес дағдыларын жетілдіру, достық қарым-қатынасты нығайту.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру