Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысының полицейлері ақ түтек боранның салдарынан жолда қалған азаматтарға көмектесуде

Түркістан облысының полицейлері ақ түтек боранның салдарынан жолда қалған азаматтарға көмектесуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.

2021 жылдың 21 қаңтарынан бастап, Түркістан облысында ауа райы өзінің тосын мінезін танытып, қыс қаһарына мінуде. Облыста қалың қар жауып, жел ұйытқуда. Үздіксіз соққан ақ түтек боранның салдарынан республикалық маңызы бар жолдарда көліктер көптеген қиындықтарға тап болуда. Бет қарыған суық, ұйытқыған қар көліктердің қозғалуына кедергі келтіруде. Сондықтан осындай жайттарды ескерген Түркістан облысының полиция қызметкерлерінің жеке құрамы жолға шыққан және жолда қалып қойған жүргізушілер мен жолаушыларға көмек көрсету үшін жедел жұмылдырылды.

Мәселен Ордабасы ауданының полиция қызметкерлері жол бойына тоқтап тұрған көліктердің ішінде адам қалып қоймасы үшін, барлық көліктерді біртіндеп тексеріп шығуда. Ал омбы қарға батып, жолы жабылып қалған жеңіл көліктерді өздерінің қызметтік көліктерімен сүйреп, тегіс жолға шығаруда. Кейбір көлікте қалып қойған адамдарды жақын маңдағы жылы орындарға жеткізіп, қажетті көмектердің барлығын көрсетуде.
Жолда қалған жолаушылардың бірі – әйел.

– Жолда қалып қойған едік. Полиция қызметкерлері көмектесті. Рақмет. Алла разы болсын!, – деп ризашылығын жеткізді.

– Құрметті жүргізушілер боранда мейлінше сабыр сақтап, жылы үйде отырғандарыңыз жөн. Алыс жолға мүлде шықпаңыздар. Бірқатар жолдар қардың салдарынан жабылып, автокөліктер жүрісін тоқтатып жатыр. Қысқы маусымда міндетті түрде көліктеріңізді мезгілге сай дөңгелектермен жабдықтаңыздар! Біз сіздердің саулықтарыңыз үшін қызметімізді жалғастыра беретін боламыз!, – деп ескертті Ордабасы аудандық полиция бөлімі патрульдік полиция тобының қызмет инспекторы Ержігіт Қонарбаев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру