Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысының полицейлері бөтеннің мүлкін ұрлау қылмыстарын ашты

Түркістан облысының полицейлері бөтеннің мүлкін ұрлау қылмыстарын “ізін суытпай” ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Сайрам АПБ-нің кезекші бөліміне Сайрам кентіндегі дүкендердің бірінің сатушысы ақша ұрлағаны туралы арызданған. Әйелдің айтуынша, дүкенге белгісіз ер адам кіріп, кассадан 20 мың теңгесін байқатпай жымқырып кеткен. Бұл жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша СДТТБТ-ға тіркелді.
Ұрлықты ашуға бірден криминалдық полиция қызметкерлері, патрульдік қызмет жасақтары мен учаскелік инспекторлар жұмылдырылды. Тәртіп сақшылары аулаларды аралап, куәгерлерден жауап алып, көшеде және дүкеннің жанында орнатылған бейнебақылау камераларын мұқият тексерді.

Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында Сайрам АПБ ЖПҚ учаскелік инспекторлары бірнеше сағат ішінде күдіктіні ұстады. Ол бұрын бұзақылық үшін жауапқа тартылған жергілікті тұрғын болып шықты. Айғақты заттар тәркіленді. Ер адам қолхатта. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Тағы бір ұрлықты облыс орталығы Түркістан қаласының полиция қызметкерлері ашты. Полицияның “102” пультіне саябақта телефон ұрлаған жөнінде жергілікті тұрғыннан хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына келген тәртіп сақшылары серуендеу кезінде белгісіз біреу жәбірленушіден құны 40 мың теңге тұратын “Samsung” телефонын ұрлап кеткенін анықтады.
Қалта ұрысын ұстау мақсатында полицейлер саябақ аумағын және жақын маңдағы аулаларды аралап, куәгерлер мен өтіп бара жатқан адамдардан сұрастырып, бейнебақылау камераларын тексерді. Қабылданған шаралар нәтижесінде Түркістан қалалық ПБ полиция қызметкерлері “ізін суытпай” күдікті ретінде Кентау қаласының тұрғынын ұстады. Тәртіп сақшылары ұсталған азаматтан ұрланған телефонды тәркілеп алып, заңды иесіне қайтарды.

Қазіргі уақытта аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қолхатта. Тергеу ер адамның басқа қылмыстарға қатыстылығын тексеруде.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қырағы болуды және ақша мен құнды заттарды қараусыз қалдырмауды ұсынады. Дүкендерде, базарларда және тұрғын үйлерде мүмкіндігінше бейнебақылау камералары мен күзет дабылын орнатыңыздар. Сондай-ақ, саябақтарға, базарларға және басқа да қоғамдық орындарға барған кезде ақша мен ұялы телефондарды көпшілік алдында көрсетпеңіз. Бұл құнды заттар мен ақшаны оңай ұрлай алатын ұрылардың назарын аударуы мүмкін. Егер сіз бөтеннің мүлкін ұрлаудың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияның “102” телефонына хабарласыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру