Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысының полицейлері спорттық марафонға қатысты

Түркістан облысының полицейлері спорттық марафонға қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысы Полиция департаментінің полицейлері түрлі жедел-профилактикалық іс-шаралар, соның ішінде “Есірткісіз болашақ” бір айға жоспарланған акциясын өткізуде. Мәселен, Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен Түркістан облысы әкімдігінің Дене шынықтыру және спорт басқармасы бірлесіп, мемлекеттік қызметшілер мен құқық қорғау органдары арасында Түркістан облысының құрылуының төрт жылдығына, 23 маусым – Қазақстан полициясы күніне және 26 маусым – Халықаралық нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес күніне арналған марафон өткізді.

Облыс орталығы – Түркістан қаласында өткен марафонға Түркістан облысы әкімдігінің Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев, Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Мәди Қожамұратов және 200-ге жуық мемлекеттік қызметші, құқық қорғау органдары мен күш құрылымдарының қызметкерлері қатысты.

Спорттық іс-шараның қорытындысы бойынша Түркістан облысы ПД Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері жүлделі орындарға ие болды. Нақтырақ айтсақ, полицей Орынғай Нұрболат бірінші орынды қанжығасына байлады. Ал Қанатбек Сұлтанов пен Ғабит Елеусізұлы екінші орынды жеңіп алды.

Іс-шара соңында барлық жеңімпаздар мақтау қағаздарымен, медальдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ, марафонды ұйымдастырушылар мен қатысушылар естелік суретке түсті.

Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Мәди Қожамұратов атап өткендей, мұндай маңызы зор іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек. Сондай-ақ, тұрғындарды салауатты өмір салтын ұстауға және есірткіге қарсы күреске өз үлесін қосуға шақырды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру