Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысының полицейлері зейнеткерді алдаған жамбылдық әйелді ұстады

Түркістан облысының полицейлері зейнеткерді алдаған жамбылдық әйелді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жетісай аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Зейнет жасындағы әйел өз арызында WhatsApp әлеуметтік желісі арқылы белгісіз әйел ақша берсең, көбейтіп беремін деп алдағанын көрсетті. Күдікті әйел салған ақшаң бес күн ішінде еселеп қайтарылатын болады деп сендіріп, 356 мың теңге ақша алған. Алайда арадан бір аптадай уақыт өткенде телефонын көтермей, байланысқа шықпай қойған. Содан алаяққа алданғанын түсінген тұрғын бірден полицейлердің көмегіне жүгінді. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеуге алынып, СДТТБТ-ға енгізілді.

Тұрғынды алдап, ақшасын қалтасына басқан алаяқты ұстау үшін тәжірибелі тәртіп сақшыларынан жедел-тергеу тобы құрылды. Куәгерлерден жауаптар алынды. Жәбірленушінің ақша салып жіберген банк қосымшасы арқылы күдіктінің жеке-басы анықталды. Жетісай АПБ КПБ жедел уәкілі Бекжігіт Абылқасымов осы қылмыстың ашылып, күдіктінің ұсталуы бойынша жүйелі жұмыс жүргізді. Жедел уәкілдің жұмысның нәтижесінде алаяқ әйелдің Алматы қаласында жалдамалы пәтерлердің бірінде тұрып жатқаны анықталды. Полицей оны Алматы қаласынан ұстап, Жетісай АПБ-ға жеткізді. Ол Жамбыл облысының тұрғыны, егде жастағы әйел болып шықты. Қазіргі таңда күдіктінің басқа да қылмыстарға қатыстылығы анықталуда. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бас шарасы “қолхатта”.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру