Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада мас жүргізуші жол апатын жасады: екі адам көз жұмды

Қызылордада Toyota Land Cruiser көлігін басқарған мас жүргізуші жол апатын жасады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

29 тамыз таңғы сағат 05:46 шамасында Toyota Land Cruiser автокөлігінің жүргізушісі Қызылорда қаласының орталық көшелерінің бірінде көліктің басқару жүйесіне ие бола алмай, бағдаршам алдында тоқтап тұрған жедел жәрдем автокөлігіне соққан. Орын алған жол-көлік оқиғасы салдарынан екі адам медициналық мекемеге жеткізіліп, көз жұмды. Тексеру барысында Toyota Land Crusier автокөлігінің жүргізушісі “орта” дәрежедегі масаң күйде болғаны анықталды.

Сонымен қатар бұл азамат Қызылорда қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2016 жылғы қараша айындағы шешімімен бес жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылған.

Қазіргі таңда орын алған жол- көлік оқиғасы бойынша ҚР ҚК-нің 346-бабының 6-бөлігімен (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру, осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, абайсызда екі немесе одан көп адам өліміне алып келген іс-әрекеттер) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Toyota Land Cruiser автокөлігінің жүргізушісі Қызылорда қалалық Полиция басқармасының уақытша ұстау абақтасына қамалды. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Оқиғаның мән-жайлары анықталуда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру