Түркістан облысының полицейлері жоғалған баланы досының үйінен тапты
Түркістан облысының полицейлері жоғалған баланы досының үйінен тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Созақ аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғыннан қоңырау келіп түсті. Ол 7 жасар ұлын іздеуге көмек сұраған. Әйелдің айтуынша, сағат 15:30 шамасында әдеттегідей аулаға ойнауға шыққан ұлы күн қарайғанша келмеген. Жақындары бірнеше сағат өздері іздеп таба алмаған соң, полициядан көмек сұраған.
Оқиға кәмелет жасына толмаған баланың қауіпсіздігіне қатысты болғандықтан, учаскелік инспекторлар шұғыл іске кірісті. Полиция қызметкері жасөспірім баланың жүруі мүмкін жерлердің барлығын мұқият тексерді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жоғалған жасөспірім үйінен 3 шақырым қашықтықта орналасқан сыныптас досының үйінен табылды.
Қазіргі таңда жоғалып кеткен бала үйіне қайтарылды. Ұлымен аман-есен қауышқан анасы баланы іздеп тапқан полиция қызметкерлеріне алғысын айтып, жұмыстарына сәттілік тіледі.