Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысының учаскелік полиция инспекторларының жұмысы бақыланды

Түркістан облысының бас полицейі аудандарды аралап, учаскелік полиция инспекторларының жұмысын бақылады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында учаскелік полиция инспекторларының мәртебесін көтеруді және қолжетімді полиция қағидаты бойынша жұмыстарын атқаруына тоқталып, полиция қызметіне тұтас реформа жүргізу қажеттілігіне назар аударған болатын. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмаларын тиянақты атқаруда Түркістан облысы Полиция департаменті бірқатар шараларды жүзеге асыруда. Мәселен, күні кеше Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Қайрат Дәлбеков облыстағы бірнеше ауданға арнайы іссапармен шықты. Облыстың бас полицейі бірінші кезекте Ордабасы ауданына ат басын тіреді.

Онда жақында ғана күрделі жөндеуден өткен учаскелік полицияның тірек пунктерінің жұмысын көрді. Тұрғындармен тікелей тілдесіп, учаскелік инспекторлармен бетпе-бет жүздесті. Оған қоса Шұбарсу ауылдық округіндегі №10 тірек пунктіне жауапты учаскелік полицейге қызметіне арналған соңғы үлгідегі компьютерді сыйға тартты.

Өзінің іссапарын одан әрі қарай жалғастырған басшы Төлеби ауданына да аялдады. Онда полиция бөлімінде салынып жатқан полицейлердің шынығуына арналған алаңша мен тирдің, мәжіліс залының және бірнеше тірек пунктерінің күрделі жөндеу жұмыстарының тиісті деңгейде жүргізілгенін көрді.

Сондай-ақ Қ.Дәлбеков: – Облыс көлеміндегі барлық учаскелік тірек пунктері ҚР ІІМ талабына сай болуы тиіс. Бұл ретте жөндеуді қажет ететін ғимараттар жөнделіп, учаскелік полиция инспекторларының халықпен кері және тығыз байланыста болып, қылмыстардың алдын алуы үшін барлық жағдай жасалатын болады. Полицейлерден талап етілетіні – өз жұмыстарын жоғары деңгейде атқарып, қызметіне әрқашан адал болуы, – деді.


Айта кетейік, жақында ғана ҚР ІІМ-нің арнайы алғыс хатымен Түркістан облысының үш бірдей учаскелік полицейі Нұр-Сұлтан қаласында марапатталып, бір учаскелік полицейге заманауи үлгідегі су жаңа қызметтік көліктің кілті табысталған болатын.

Киелі өңірде учаскелік полиция инспекторларымен «Учаске» жедел алдын алу іс-шарасы да жалғасуда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру