Түркістан қаласының криминалдық полиция қызметкерлері пәтер ұрлығына қатысы бар жігіттерді ұстады
Түркістан қаласының криминалдық полиция қызметкерлері пәтер ұрлығына қатысы бар жігіттерді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан қалалық Полиция басқармасының кезекші бөліміне облыс орталығының тұрғыны арызданады. Оның айтуынша, белгісіз біреулер үйіне заңсыз кіріп, құны 100 мың теңге тұратын теледидарды ұрлап кеткен. Полицейлер бұл жайтты ҚР ҚК 188-бабы (Ұрлық) бойынша СДТБТ-ға тіркеп, күдікті адамдарды іздеуге кірісті.
Орын алған пәтер ұрлығын ашу мақсатында полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралар кешенін жүргізді. Қылмыс орнын және бейнебақылау камераларын тексеріп, көршілермен және ықтимал куәгерлермен сұхбаттасып, жақын маңдағы аумақтарды аралап шықты.
Нәтижесінде Түркістан қалалық ПБ полицейлері екі күдіктіні анықтап ұстады. Олар жергілікті тұрғын болып шықты. Біреуі бұрын сотты болған. Заттай дәлел ретінде алынған тұрмыстық техника заңды иесіне қайтарылды. Тергеу көрсеткендей, ұрылар жәбірленушінің пәтеріне терезелерді бұзу арқылы кірген. Ұрланған теледидарды күдіктінің бірі үйде сақтаған. Сондай-ақ кінәлілер тағы бір пәтерге ұрлыққа түсіп, алайда ештеңе алып үлгермеген.
Қазіргі уақытта аталған жайттар бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілер қамауға алынды. Полиция қызметкерлері пәтер ұрыларының басқа да өзгенің мүлкін ұрлау қылмысына қатысы бар-жоғын анықтауда.
Полиция қызметкерлері пәтер ұрлығын болдырмау үшін көпқабатты пәтерлер мен үйлердің терезелеріне темір тор орнатып, кіретін есіктерді сенімді құлыптармен жабдықтауды ұсынады. Сондай-ақ, мүмкіндігінше тұрғын үйлерде бейнебақылау камералары мен күзет дабылы орнатылуы керек. Егер, сіз, біреудің мүлкін ұрлаудың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияға «102» нөміріне хабарласыңыз.