Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістанда тұрғынның 2,3 млн теңгені құрайтын алтын бұйымдары бар сөмкесі ұрланды

Түркістанда тұрғынның алтын бұйымдарын ұрлап, едәуір шығын келтірген әйел ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Сарыағаш АПБ-ға жергілікті тұрғын әйел арызданып, қалта ұрысының құрбаны болғанын жеткізді. Әйелдің айтуынша, ол күндізгі уақытта Сарыағаш қаласында орналасқан базарлардың біріне барған. Содан арадан біршама уақыт өткенде қасында тұрған қол сөмкесін таппай қалған. Сөмкенің ішінде тұрғынның 10 мың теңге ақшасы мен құны 2 миллион 300 мың теңгені құрайтын алтын бұйымдар болған. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеді.

Орын алған ұрлық қылмысын ашып, күдіктіні ұстау мақсатында қалалық полицейлерден жедел-тергеу тобы құрылды. Тәртіп сақшылары көрген-білгендерден жауап алды. Нәтижесінде күдіктінің ұрлық жасаған сәтіндегі бейнежазба анықталды. Учаскелік полиция инспекторы жан-жақты тексеру жұмыстарының арқасында, бір тәулікте күдікті әйел Созақ ауданында өзінің тұрғылықты мекенжайынан ұсталды.

Анықталғандай, күдікті әйел жеке мүддесі үшін өзгенің мүлкіне қол сұққан. Яғни, қол сөмке иесінің қарамай тұрғанын пайдаланып, өзінің теріс әрекетін жасаған. Бүгінде полицейлер ұрланған заттарды толықтай заңды иесіне қайтарды. Қазіргі таңда күдікті әйелге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Өз кезегінде тұрғын ойда-жоқта әмиянынан айырылып, оны қырағылықтарының арқасында қайта тауып берген полицейлерге шынайы ризашылығын жеткізді.

Түркістан облысының полицейлері ескертеді, әмияныңызға, бағалы заттарыңызға, ұялы телефоныңызға барынша сақ болыңыз. Заттарыңызды көзге көрінетіндей жерде, ашық қалталарда сақтамаңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру