Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістанда учаскелік инспектор тұрғынның көлігін заңсыз айдап кеткен күдіктіні құрықтады

Түркістанда учаскелік инспектор тұрғынның көлігін заңсыз айдап кеткен күдіктіні құрықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Арыс АПБ-ға учаскелік полиция инспекторы Ғалымжан Бижанов хабарласып, тұрғынның көлігін заңсыз айдап кеткен күдіктіні ұстағанын жеткізеді. Белгілі болғандай, учаскелік инспектордың ұялы телефонына кешкі уақытта жергілікті тұрғынның бірі хабарласып, Арыс-Шардара тас жолы бойындағы егістік алқабына жұмысшыларына тамақ апаруға барғанын, содан Нива көлігін жол бойына қалдырып, қайта келгенінде белгісіз біреу заңсыз айдап кеткенін хабарлаған.

Ақпарат алысымен Ғ.Бижанов тез арада оқиға орнына жетіп, өзгенің көлігін айдап кеткен күдіктіні ұстау мақсатында жедел әрекетке көшеді. Көлік кеткен бағытқа қарай жүріп, жедел-іздестіру жұмыстарын атқарады. Жақын аймақтарды тыңғылықты қарап шығады. Полицей өзінің кәсіби шеберлігі мен қырағылығының нәтижесінде оқиға орнынан 15 шақырым қашықтықтан көлік пен оны айдап бара жатқан күдіктіні анықтап ұстайды. Учаскелік полиция инспекторы АПБ-ға хабарлап, жедел-тергеу тобы жетіп, көлікті заңсыз айдап кеткен тұрғынды полицияға жеткізді. Анықталғандай жаяу келе жатқан күдікті, барар жеріне тезірек жету үшін есігі ашық, кілті іште тұрған көлікті басқарып кеткен.

Қазіргі таңда аталған жайт ҚР ҚК–нің 200-бабы (Автомобильді немесе өзге де көлік құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу) бойынша тіркелді. Күдіктінің бас шарасы келу туралы міндеттемеде. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Өз кезегінде тұрғын:

– Көлігімді өзге біреу айдап кетіп, қиын жағдайға тап болғанымда, бірінші кезекте учаскелік инспектор есіме түсіп, көмек сұрап хабарластым. Ол бірден мен тұрған жерге келіп, жедел шараларды қарастырып, көлігімді, оны мініп кеткен адамды тауып берді. Алғысым шексіз. Полицейдің барлығы осындай халыққа жақын, әрқашан қорған бола берсін!, – деп шынайы ризашылығын жеткізді.

Түркістан облысының полицейлері азаматтарды әрдайым өзінің мал-мүлкіне сақ болуға шақырады. Осындай оқыс жағдайға тап болсаңыз немесе куәгері болсаңыз, шұғыл полицияның “102” телефонына хабар беріңіздер.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру