Түркістандық полицейлер жоғалған 4 бірдей баланы тапты
Түркістандық полицейлер жоғалған төрт бірдей баланы тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Келес аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын хабарласып, тез арада көмек керек болып тұрғанын айтады. Әйелдің айтуынша, оның 11 жастағы қызы мен жеті, бес және төрт жастағы ұл балалары таңертеңгі уақытта үйдің ауласында ойнап жүрген. Біршама уақыттан кейін қараса, жақын арада балалары көрінбейді. Анасы өзі ары-бері іздеп, жарты сағаттай уақытын жұмсайды. Іздеуден нәтиже шықпағаннан кейін, полицейлерден жәрдем сұрайды.
Бір отбасының төрт бірдей жас балалары ұшты-күйлі жоғалғанын естіген полицейлер, оларды аман-есен үйіне қайтару үшін бірден әрекет етті. Оқиға орнына бірнеше топқа бөлінген тәртіп сақшылары жедел жетті. Жан-жақты іздестіру жұмыстарын жүргізді. Куәгерлерден сұрастырды, көше-көшені, үйлерді ретімен мұқият қарап шықты. Одан бөлек, қараусыз қалған үйлер де тыңғылықты тексерілді. Бірнеше сағатқа созылған полицейлердің іздестіруі оң нәтиже беріп, балалар сегіз шақырым қашықтықтағы басқа көшеден табылды. Осылайша ойнап жүріп адасқан бүлдіршіндерді ювеналды полиция тобының инспекторы Тойлыбай Қоштаев аман тапты. Тәртіп сақшылары балалардың ас-суын беріп, жағдайы жақсы екеніне көз жеткізіп, ата-аналарына түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Балақайларды үйлеріне қайтарды.
Өз кезегінде бір сәтте бар байлығы балаларынан айырыла жаздаған ана тәртіп сақшыларына шынайы ризашылығын жеткізді.
Түркістан облысының полицейлері азаматтарға кішкентай ұл-қыздарыңызға абай болып, оларды қараусыз қалдырмауға кеңес береді.