Түркістандық полицейлер жүргізушіден 2,5 келі есірткі тәркіледі
Түркістандық полицейлер жүргізушіден 2,5 келі есірткі тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының полицейлері арнайы жедел-іздестіру шаралары аясында, ірі көлемде есірткі сақтаған Қазығұрт ауданының тұрғынын ұстады.
Нақтырақ айтсақ, жедел уәкілдер ақпарат көздері арқылы Шымкент тас жолы бойында заңға қайшы зат алып жүруі мүмкін деген күдікпен DAEWOO NEXIA көлігін тоқтатқан. Полицейлер автокөлікке тінту жүргізіп, нәтижесінде оның жүк салғышынан күмәнді жол сөмкесін тапты. Ал сөмкеден полиэтилен пакетке салынған ішінде есірткіге ұқсас заты бар 39 дана орама табылып, тәркіленді.
Тәртіп сақшыларының қырағылығының арқасында табылған затқа сараптама тағайындалды. Зерттеу қорытындысы оның 2 келі 508 грамм марихуана екендігін растады.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 296-бабы (Есірткі құралдарымен, психотроптық заттармен, олардың аналогтарымен сату мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) бойынша тіркеліп, қылмыстық іс қозғалды.
Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оқиғаның толық мән-жайы анықталатын болады. Күдікті қамауға алынды.