Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абақтыдағы ашық есік күн

Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты КА-168/1 мекемесі жоспарға сай, сотталғандар мен олардың жақындары үшін ашық есік күнін ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шара кезінде мекемеде жазасын өтеп жатқандардың ата-аналары, жұбайлары, бауырлары мен достары сотталғандармен кездесіп, әңгімелесіп, жатын орындарын көріп, тұрмыс-тіршілігімен танысты.

Жәй ғана ашық есік күні деп аталағанымен, бұл шараға мекеме ұжымының дайындығы әлден көрініп тұрды. Әр жерден безендірілген гүлдер мен бөлме ішіне ілінген шарлар келушілерге мерекелік көңіл-күй сыйлады. КА-168/1 мекемесі тәрбие бөлімінің осы кешке арнап шақырған жас өнерпаздарының концерттік қойылымы жазасын өтеушілер мен ата-аналарынының көңілін көтерді. Жайылған мерекелік дастарханда сотталғандар ең жақын адамдарымен шүйіркелесіп, сырласа алды. Осы сәтті пайдаланып, сотталғандар да ата-аналары мен жұбайларына, бауырларына өздері ұйымдастырған концерттік қойылымдарын арнап, жақсы көретіндерін өлең шумақтарымен жеткізіп, гүл сыйлады. Дастархан үстіндегі әдемі әңгіме кезінде сотталғандардың жақындары кезек-кезек сөз алып, осы шараға қатысушы әйел адамдарды мерекелерімен құттықтап, алдағы күндерге тек жақсылық тіледі.

– Аталған іс-шараның мақсаты — сотталғандарды ең жақын адамдарымен қауыштыра отырып, олардың арасында моральдық-психологиялық климатты жақсарту. Жазасын өтеушілерді қоғамнан оқшауламай, олардың ертеңгі күндеріне деген сенімін нығайтып, үйге тезірек оралуын күтіп отырған ата-аналары мен сүйікті жарлары, балалары, жақын туыстарының барын ұғындыра отырып, бір жасаған қылмысын қайталамауға тәрбиелеу. Әрине, ең жақын адамдарынан осындай жан жылуын сезінген сотталғандар жаңа өмір бастауға талпыныс жасайды, — дейді КА-168/1 мекемесінің басшысы Нұрбол Отарғалиев.

Жылулық сыйлаған шара сотталғандардың болашаққа деген үміті үзілмегенін дәлелдеді. Бұл орайда, олардың ата-аналары мен жарлары, бауырлары жазасын өтеп жатқандарды дұрыс жолға тәрбиелеп, оларға моральдық-психологиялық қолдау көрсетіп келе жатқан басшыларға алғыстарын жеткізді:

– Мойындау керек, бір рет аяғын шалыс басса да, мүмкіндік сыйлап, сотталғандарды қайтадан қылмысқа барғызбау үшін үкімет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау өте көп. Баламмен сөйлескен сайын, ол үнемі жағдайының жақсы екенін айтады. Тіпті, баламның бұрынғыға қарағанда әлдеқайда ақылы толысып, дұрыс жолға түскені қуантады. Мұның бәрі әрине, мекемедегі қызметкерлердің және басшыларының еңбегі деп білемін. Осы ретте біз секілді аналарға қуаныш сыйлаған Қылмыстық-атқару жүйесі басшыларына, Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің басшысына және орынбасарларына, КА-168/1 мекемесінің басшылығы мен осындағы әр қызметкерге аналық алғысымды айтамын! — дейді есімін атағысы келмеген ана көзіне жас алып.
Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру