Ұландықтар қаңтар оқиғасында қаза тапқан жауынгерлерді еске алды
ҚР Ұлттық ұланының Бас қолбасшылығы мен барлық әскери бөлімдерінде әскери қызметшілердің ерлігі мен жанкештілігіне арналған «Мәңгілік сапта» акциясы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл күні Ұлттық ұланның жеке құрамы қаза тапқан әскери қызметшілерді бір минут үнсіздікпен еске алып, құрмет көрсетті. Жеке құрамға қаңтардағы оқиғалар мен батырлар туралы деректі фильмдер көрсетілді.
Акцияның мақсаты – әскери қызметшілердің жоғары моральдық-жауынгерлік қасиеттерін қалыптастыру, қызметтік-жауынгерлік және арнайы міндеттерді сапалы орындау, Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің батылдығы мен жанқиярлығын насихаттап, өскелең ұрпақты жаңа қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу.
2022 жылғы қаңтардағы оқиға кезінде Ұлттық ұланның әскери қызметшілері құқық қорғау органдарымен бірлесіп жаппай тәртіпсіздік орын алған елдің барлық қалалары мен елдімекендерінде қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге тартылды.
Сол кезде Ұлттық ұланның 400-ден астам әскери қызметшісі бұзақы топпен қақтығыс салдарынан дене жарақатын алды, сондай-ақ 90-ға жуық әскери техника бүлінді, олардың 9-ы қалпына келмейді.
Қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындау кезінде екі әскери қызметші – қатардағы жауынгерлер Мадияр Қайсаров пен Айбат Аманов қаза тапты.
Айбат пен Мадиярдың есімдері Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының батырлар шежіресіне енген батылдық пен ар-намыстың үлгісі болып қала бермек.