Ұлытау облысында оқушылар мен полицейлер бірлесіп құқық бұзушылықтарды анықтады
Ұлытау облысында тәртіп сақшылары мен мектеп оқушыларының қатысуымен қала көшелеріндегі құқық бұзушылықтарды онлайн режимде анықтауға бағытталған бірлескен рейд өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
№22 мектептің жоғары сынып оқушылары "Заң мен Тәртіп" қағидасын негізге ала отырып, қала тазалығы мен қоғамдық тәртіпті сақтауға өз үлестерін қосты. Іс-шара барысында олар цифрлық технологиялардың көмегімен қала қауіпсіздігінің қалай қамтамасыз етілетінін тәжірибе жүзінде көрді.
Жедел басқару орталығының мамандары оқушыларға бейнебақылау жүйесінің мүмкіндіктерін таныстырып, патрульдік және учаскелік полиция қызметкерлерінің құқық бұзушылықтарға әрекет ету алгоритмін жан-жақты түсіндірді.
Рейд барысында оқушылар бейнекамералар арқылы нақты уақыт режимінде бірқатар құқық бұзушылықтарды тіркеді. Атап айтқанда, қаланы абаттандыру қағидаларын бұзу — белгіленбеген орындарға қоқыс тастау және қоршаған ортаға немқұрайлы қарау деректері, сондай-ақ ұсақ бұзақылық, яғни қоғамдық орындарды ластау және айналадағы адамдарға құрметсіздік таныту жағдайлары анықталды.
- Бұл шара бізге заң мен тәртіптің маңыздылығын терең түсінуге мүмкіндік берді. Кез келген заңсыз әрекет назардан тыс қалмайтынын және оның артында міндетті түрде жауапкершілік болатынын ұғындық, - деп атап өтті оқушылар.
Оқушылар анықтаған деректер негізінде оқиға орындарына патрульдік полиция экипаждары мен учаскелік инспекторлар жедел түрде бағытталды. Тәртіп сақшылары құқық бұзушыларды анықтап, оларға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырып, тиісті ескертулер жасады.
