Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

“Үрейсіз мекен”: Жетісу облысында балалардың қауіпсіздігі мен отбасы құндылықтары талқыланды

Жетісу облысында балалардың қауіпсіздігі мен отбасы құндылықтары талқыланды, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында республикалық “Қазақстан отбасындағы зорлық-зомбылықсыз” акциясы аясында Жетісу облысында “Үрейсіз мекен” атты форум өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – қоғам назарын отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне аудару, балалардың құқықтарын қорғау және өскелең ұрпақ үшін қауіпсіз орта қалыптастыру.

Форум Жетісу облысы білім басқармасының Оқушылар сарайы басшылығының қолдауымен полиция қызметкерлері тарапынан ұйымдастырылды. Шараға Жетісу облысы білім басқармасы басшысының орынбасары, психологиялық қолдау орталығының психологы, ата-аналар комитетінің төрағасы, мектеп оқушылары, колледж және жоғары оқу орындарының студенттері, ата-аналар, менторлар мен қоғам өкілдері қатысты.

Кездесу барысында қатысушылар отбасындағы жанжалдар мен зорлық-зомбылықтың ең алдымен балалардың психологиялық және рухани дамуына кері әсер ететінін атап өтті.

Балалар көп жағдайда отбасындағы агрессияның үнсіз куәгері ғана емес, оның тікелей құрбанына айналады. Мұндай орта баланың бойында қорқыныш, алаңдаушылық және өзіне деген сенімсіздік сезімдерін қалыптастырып, оның болашақ өміріне теріс ықпал етуі мүмкін.

Форум аясында отбасы құндылықтарын нығайту, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау мәселелеріне арналған ашық диалогтар мен пікірталастар ұйымдастырылды. Өз ойлары мен ұсыныстарын құқық қорғау органдарының қызметкерлері, психологтар, әлеуметтік сала мамандары және жастармен жұмыс істейтін менторлар ортаға салды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, “Үрейсіз мекен” форумы балалардың қауіпсіздігі мен қоғамның отбасылық құндылықтарды нығайтудағы рөлі жөнінде ашық пікір алмасуға мүмкіндік берген маңызды алаңға айналды. Зорлық-зомбылықсыз Қазақстанды құру – әрбір азаматтың ортақ міндеті. Әр бала өзін қауіпсіз сезінетін, қамқорлық пен қолдауға ие болатын қоғам қалыптастыру тек бірлескен күш-жігер арқылы жүзеге асады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру