Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да полиция жастарға арналған танымдық іс-шара өткізді

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінде Kozybayev University-дің тарих, экономика және құқық факультетіне қарасты журналистика және әлеуметтік ғылымдар кафедрасының студенттері арасында ұйымдастырылған бейнероликтер байқауының қорытындысы шығарылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Байқау жұмыстары жастарға патриоттық тәрбие беру, ішкі істер органдарындағы қызметті насихаттау, сондай-ақ ерлік, батырлық және қызметтік борышқа адалдық танытқан полиция қызметкерлерінің есімін ұлықтау тақырыптарын қамтыды.

Индира Әбілғазина, Эльмира Ерғалиева, Кристина Серёгина, Екатерина Дутлова және Самира Мұханова бейнероликтер дайындауға белсенді қатысқаны үшін алғыс хаттармен марапатталды. Үшінші орынды Полина Чуряк иеленсе, екінші орынды Дарья Зиберт пен Виктория Мочалина өзара бөлісті. Ал байқаудың бас жүлдесі Ансар Ғабдулмаликке табысталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар мен алғыс хаттар тапсырылды.

Марапаттау рәсімі алда келе жатқан Балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылған дәстүрлі ашық есік күні аясында өтті. Студенттер, колледж студенттері, мектеп оқушылары мен балабақша тәрбиеленушілері үшін көрме мен ведомство бойынша экскурсиялардан тұратын мазмұнды бағдарлама әзірленді.

Көрме барысында жас қонақтарға полицияның арнайы бөлімшелерінің қару-жарақтары, байланыс құралдары, бейнетіркегіштер, дрондар, сондай-ақ қылмыскерлерден тәркіленген атыс және суық қарулар таныстырылды. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің қызметкерлері тыйым салынған заттардың үлгілерін және профилактикалық мақсаттағы өнімдерді — төсбелгілер, логотипі бар бейсболкалар мен өзге де ақпараттық материалдарды көрсетті.

Патрульдік полиция қызметкерлері квадроциклдерді, дыбыстық хабарлау құрылғыларын және мобильді аппараттық-бағдарламалық кешендерді таныстырды. Ал өңірде қылмыстарды ашуға күн сайын қатысатын қызметтік-іздестіру иттері бар кинологтардың жұмысы балалардың ерекше қызығушылығын тудырды.

Сонымен қатар қонақтарға жылжымалы криминалистикалық зертхана, сараптамалық чемодандар жиынтығы мен металл іздегіш құрылғылар көрсетіліп, іс-шара кәсіби бағдар беруге бағытталған тәжірибелік сабаққа ұласты.

Барлық келушілер 1700 жылдардан бүгінгі күнге дейінгі кезеңді қамтитын төрт мыңнан астам жәдігер жинақталған полиция музейін, сондай-ақ "102" арнасына келіп түсетін барлық хабарламалар қабылданатын жедел басқару орталығын аралап көрді.

Департамент өкілдерінің айтуынша, мұндай кездесулер балалар мен жастарға "Заң мен тәртіп" сақшысы мамандығының жай ғана қызмет емес, үлкен жауапкершілік пен өмірлік миссия екенін түсіндірудің тиімді жолы болып табылады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру