Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұрпақтар сабақтастығы: Ақтөбеде жас тәртіп сақшыларына ерлік сабағы өткізілді

Ақтөбе облысы полиция департаментінде “Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран” атты ерлік сағаты өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Еліміздің кешегі және бүгінгі күнгі батырларымен таныстыру, ұрпақтар сабақтастығын нығайту, жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеу мақсатында өткізілген шараға ІІО ардагерлері, тәлімгерлері, жас полиция қызметкерлері, “Әлия” патриоттық клубының мүшелері қатысты.

Шара барысында департамент мұражайы мен Әлия Молдағұлова атындағы мұражайдың қызметкерлері жиналғандарды тарихи ерлік жолдарынан сыр шертетін бейнематериалдармен таныстырды. Әсіресе, бабалардың батылдығы мен ерлік жолдарынан, бейбіт күннің батырларының ғұмырынан сыр шертетін мәліметтер жас полицейлердің аса қызығушылығын тудырды.

Өз кезегінде аға буын өкілдері – ІІО ардагерлері өздерінің қызмет жолы туралы жас мамандарға таным-тағылымға, ар-намысқа толы әсерлі әңгімелер айтып, әрдайым төзімді, әрі батыл болу, қызмет жолындағы кездескен қиындықтарға мойымау, адал болу туралы құнды ақыл-кеңестерімен бөлісті. Әсіресе, ІІО ардагерлері Алмаз Жантикенов, Асланбек Бакишевтің тағылымды тұжырымдары мен кеңестерін жас мамандар ерекше ықыласпен тыңдады.

Сондай-ақ, шараға патриоттық ән шашуын ала келген “Сұңқар” вокалды ансамблінің мүшесі, кішкентай Шахисламның өнері аға буын өкілдері мен полицейлерді тәнті етті.

Шара соңында полицейлер патриоттық, әрі әсерлі кездесу үшін ұйымдастырушыларға алғыстарын жеткізіп, полиция департаменті басшылығы атынан қонақтарға алғысхаттар тапсырылды. Ерлік сағаты полиция департаментінің мұражайына экскурсиямен жалғасты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру